Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай және карантин режимінің сақталуы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында айтты.
2021 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша оқушылар арасында коронавирустық инфекциясының 1017 жағдайы тіркелген. Оның ішінде кезекші сынып оқушылары арасында 232 (22,8%), қашықтан оқып жатқан оқушылар арасында 785 жағдай (77%) тіркеліп отыр. Оқу жылы басталғалы бері елорда бойынша барлығы 79 мектеп карантинге жабылды. Бүгінгі таңда 21 мектеп карантинді жалғастырып жатыр, - деді ол.
Елордалық бас санитардың айтуынша, студенттер арасында барлығы 174 жағдай тіркелген, оның 35-і колледж студенттері болса, 139-ы ЖОО-ның студенттері арасында тіркеліп отыр.
Офлайн форматта оқитындар арасында – 10, ЖОО-ның студенттері арасында – 6 жағдай және орта оқу орындары студенттері арасында – 4 жағдай. Айта кету керек, 30 қаңтардан бастап елорда эпидемиологиялық бағалау бойынша «сары» аймақта тұр. Бірақ, бұл ретте 50-ден 130-ға дейін жағдай тіркеліп жатыр және аурудың жалғасуы тестілеуден өтетін адамдар санының артуымен ғана емес, сонымен қатар, қала тұрғындарының шектеу шараларын сақтамауымен де байланысты, - деді ол.
Дәрігер эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қалада сырқаттанушылықтың алдын алуды және оның өсуіне жол бермеуді көздейтін тұтас шаралар кешені жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 1 ақпаннан медицина қызметкерлерін ерікті вакцинациялау науқаны басталды. 2021 жылдың 22 ақпандағы жағдай бойынша 2008 медицина қызметкеріне екпе салынды. Ал, бүгіннен медицина қызметкерлері екінші компонентпен егіле бастады.