Оксфорд университеті өз студенттері мен оқытушыларына қазақ тілін үйретпек

1 Қазан 2023, 22:15
1099
Бөлісу:
Оксфорд университеті өз студенттері мен оқытушыларына қазақ тілін үйретпек
Фото: скрин

Оксфорд университеті өз студенттері мен оқытушыларына қазақ тілін үйретпек, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, бұл біздің ана тілімізге қызығушылық танытып отырған Ұлыбританиядағы алғашқы жоғарғы оқу орны. Шетелдіктер тілімізден бөлек Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін де тереңінен зерттегісі келеді.

Лейла Наджафзада - Оксфорд университеті жанындағы "Бір сөз" бастамасының директоры. Бастама дегеніміз университет қаржыландыратын, бірақ академиялық білімге жатпайтын жоба. Лейланың айтуынша, атақты оқу орнында түрік тіліне деген қызығушылығы жоғары студенттер мен оқытушылар өте көп. Олар түркітілдес тілге жататын қазақ тілін де меңгергісі келеді. Тіл арқылы мәдениеті бай, тарихы терең елімізді тануды қалайды.

Қазақстанға және қазақ тіліне деген қызығушылығым орасан болды. Өткен жылдың сәуірінде Алматыға барып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директорымен кездестім. Қазір біз осы ғылыми зерттеу орталығымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тілін оқыту әдістерін меңгеріп жатырмыз. Осылайша Оксфорд университеті қазақша үйрететін Ұлыбританиядағы алғашқы оқу орны болғалы тұр, - дейді Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада.

Ұлы дала елінің тілімен қатар тарихы, бүгіні және болашағы туралы білгісі келетін оксфордтықтар көп. Оларға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі арнайы дәріс оқыды. Мағжан Ілиясов Оксфорд Исламтану орталығында еліміздің маңызды тарихи кезеңдеріне тоқталып, жеткен жетістіктері туралы баяндады. Толеранттылық үлгісін танытқан көп этносты және көп конфессиялы Қазақстан туралы айтып берді.

Біздің орталық Қазақстанмен байланыс орнатуға мүдделі. Оксфорд жұртшылығы елдеріңіздің тарихынан басқа тың ақпараттармен де танысқысы келеді. Елші бізге өркениеттің дамуына Қазақстанның қосқан өлшеусіз үлесін жіліктеп, жеткізді. Өткенінен бөлек, бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да әңгімеледі. Сіздермен экономика, білім салаларындағы байланыстарды нығайтып, болашаққа бірге жоспарлар құру өте маңызды деп ойлаймын, - дейді Оксфорд исламтану орталығының директоры Фархад Ахмад Низами.

Кездесу XVI-XIX ғасырларда еуропалық және америкалық зерттеушілер жасаған Қазақ мемлекеті карталарының көрмесіне ұласты. Экспозиция орта ғасырларда өмір сүрген шетелдік ғалымдардың біздің аймақ туралы ойларынан хабар береді. Осылайша Оксфордтың академиялық ортасы, эксперттік қауымдастығы және бизнесмендері өткенге рухани саяхат жасауға мүмкіндік алды.

Өзгелердің жаңалығы