Ұлттық қорғаныс университетінде жоғары оқу орнының магистранттары мен оқытушылары қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әуендеріне билеген жаңа жылдық бал өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Мәдени іс-шараға магистранттар, оқытушылар, олардың жұбайлары, әпкелері, қыздары мен әріптестері қатысты. Қарулы күштер Бас штабы академиясы, Құрлық әскерлері, Жан-жақты қамтамасыз ету, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-ғылыми зерттеу орталығы, Жұмылдыру дайындығы және Азаматтық қорғау кафедрасы, Ұлттық ұлан факультеттері, сондай-ақ ҚР ҰҚУ басқармасы өкілдерінен сегіз команда құрылды.
Музыкалық кешке ерлі-зайыптылар бір айға жуық дайындалды. Офицерлік балдағы тамаша би композициялары көрерменге ерекше әсер етті.
Офицер жан-жақты болуы керек. Сондықтан біз әскери өнерді үйрете отырып, магистранттарды шығармашылыққа баулып, әсемдікке тәрбиелейміз. Бұл іс-шараның офицер бойындағы тектілік қасиеттер мен батылдықты паш ететіні сөзсіз. Әрі біздің оқу орнының негіздері мен дәстүрлерін нығайтуға да тамаша мүмкіндік, - деп атап өтті Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Магистрант майор Дулат Қайратов пен оның жұбайы Әсел балға Жан-жақты қамтамасыз ету факультеті атынан қатысты.
Ұлы қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың музыкасымен бірнеше ұрпақ тәрбиеленіп өсті. Ол кісіні "қазақ вальсінің королі" деп бекер атамайды. Бұл кеш бізге ерекше әсер қалдырды, – дейді майор Дулат Қайратов.
Би байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынды Жан-жақты қамтамасыз ету факультетінің командасы иеленді. Екінші орынды Ұлттық ұлан факультетінің магистранттары алды. Ал үшінші орын Ұлттық қорғаныс университеті басқармасының өкілдеріне бұйырды.