Облысымыз үшін газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті – Тоғжанов

27 Сәуір 2023, 16:50
903
Бөлісу:
Облысымыз үшін газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті – Тоғжанов
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында тау-кен-техникалық жоғары колледжінің қызметімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу орнында білікті мамандарды даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Колледж студенттерінен бөлек, кәсіпорын қызметкерлері де WorldSkills стандарттарына сәйкес қайта даярлаудан өте алады. Оқу орнында облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті.

Аудан әкімі Азамат Бекет Хромтау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, аудан экономикасының негізгі салалары оң серпінді сақтап, көптеген көрсеткіш бойынша өсім бар. Кездесуде сұрақ-жауапқа басымдық берілді.

Мен Қарлау ауылынан келдім. Ауылымыз «Самара-Шымкент» тасжолының бойында орналасқан. Біздің тұрғындар өте тату. Былтыр шаруа қожалығының қолдауымен мектеп салынды. Ауылымызда көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешілгенін қалаймыз, -деді кездесуге қатысушылардың бірі.

Облыс әкімі өңірдегі елді мекендерді одан әрі газдандыру көбінесе «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу ауқымды жобасын іске асыруға байланысты екенін алға тартты.

Облысымыз үшін газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Газ жеткілікті, бірақ қолда бар желілер аймаққа қажетті көлемді тасымалдауды қамтамасыз ете алмайды. Олар қазір шамадан тыс жүктелген. Мемлекет басшысы магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу жобасын қолдады. Биыл 10 млрд теңге бөлінеді. Құрылысты қысқа мерзімде бастаймыз. Ұзындығы 162 шақырымды құрайды, - деді Ералы Тоғжанов.

 Қазіргі уақытта аудан халқының газбен қамтамасыз етілу көрсеткіші 98,9%, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші 96,4%.

Биылғы жылы Құдықсай ауылына газ құбырын салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, жергілікті шаруа қожалығының демеушілік қолдауымен Кіші Тассай ауылына газ тарту жоспарлануда. Осы жобалар аяқталғаннан кейін халықтың 99,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Дөң, Майтөбе, Көктау, Жазық және Абай ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы мен реконструкциясын аяқтау жоспарлануда.

Кездесу барысында тұрғындар Хромтау қаласы мен облыс орталығы арасында қоғамдық көліктің жүруіне шағымданды. Тасымалдаушы жауап ретінде ескірген автопаркке жаңа автобустар сатып алуға қарыз алу үшін кепілдің жоқтығын жеткізді.

Ералы Тоғжанов аталған мәселені шешудің нақты жолдарын анықтау үшін кәсіпорын басшысын қабылдауға дайын екенін айтты. Хромтау қаласының тұрғындары 22-орамда аялдама бекеттерінің жоқтығы туралы айтып, аулаларды абаттандыруды сұрады.

Ағымдағы жылы Хромтауда 10 аула аумағын жөндеу, сондай-ақ қоғамдық көліктің оннан астам аялдама бекеттерін орнату жоспарланғаны атап өтілді, олардың жетеуі 22-орамда орнатылады.

Жолдар туралы көптеген сұрақтар туындауда. Әсіресе «Хромтау-Ақтөбе» тасжолы туралы. Қазір «Қазавтожол» филиалы шұңқырларды жөндеуге кірісті, ол қысқа мерзімде аяқталады. Біз мұнымен шектелмейміз. «Ақтөбе-Ұлғайсын» трассасын жөндеу бойынша шаралар қабылдаймыз, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ауданның өзінде биыл «Құдықсай-Қопа» жолы, Қызылсу, Никельтау, Абай ауылдарына кірме жолдар, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Бөгетсай және Қопа елді мекендеріндегі ауылішілік жолдар жөнделеді. Өңір басшысы ауылдарды абаттандыру жұмыстары аудан аумағында өндірістік қызмет жүргізетін ірі кәсіпорындарды тарта отырып жүргізілетінін айтты.

Ералы Тоғжанов Хромтау ауданының тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырып, аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде Хромтау қаласы үшін арнайы әзірленген «Өркен» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында ШОБ дамыту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.

Хромтау – халықтың қалаға көшу мәселесі өзекті болып отырған моноқала. Біз Хромтауды сақтап қалуымыз керек, ал оның басты шешімі – кәсіпкерлікті дамыту, - деп қорытындылады облыс әкімі.

Халықпен кездесуден кейін Ералы Тоғжанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы