Облыстың бас экологі: Ақтөбенің экологиясы айрықша назарды қажет етеді

6 Маусым 2024, 13:48
369
Бөлісу:
Облыстың бас экологі: Ақтөбенің экологиясы айрықша назарды қажет етеді
Фото: автордан

Ақтөбе облысы бүгінде экологиясы нашар облыстардың төрттігіне кіреді. Бұл орайда ақтөбеліктерді қоршаған ортаның жағдайы қатты алаңдатады. Өңірде ірі өнеркәсіп орындары көп, олар да ауаның ластануына бірден-бір себепкер болып отыр. Біз өңірдегі экологиялық мәселелер мен оларды шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатқаны және департаменттің атқарған жұмыстары жөнінде Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуановпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Соңғы кезде «Қазгидромет» мекемесі «Ақтөбе қаласында ауа ластанады, қолайсыз метеожағдай күтіледі» деген хабарламаны жиі тарататын болды. Жалпы, өңірде ауаның ластануына не себеп болып отыр?

— Өздеріңізге белгілі, Ақтөбе қаласында Шанхай, Тұрғындар қалашығы шағын аудандарында күкірт сутегінің иісі қатты сезіледі. Бұған себеп, ауа ластағыш заттардың шекті мөлшерлі концентрациясы 1,5 еседен 7-8 есеге дейін өседі. Биыл қаламызда бұл көрсеткіштің бірінші рет 10 есеге көбеюі тіркелді. Ол жөнінде біз облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы хат жібердік.

Қазіргі таңда өңірімізде ауа сапасының нашарлауына әбден тозығы жеткен, осыдан 40 жыл бұрын салынған кәріз жүйесі мен қала шетіндегі құдықтар мен құбырлардан шығатын жағымсыз иіс себеп болып отыр. Кәріз жүйелері сын көтермейді, қызметін толық атқармайды. Биыл Еуропа қайта құру және даму банкімен меморандумға қол қойылып, қаражат бөлініп, кәріз тазарту жүйелерінің құрылысы басталуы керек. Қазір облыс әкімдігі осы бағытта жұмыстанып жатыр. Нәтижесінде бірқатар мәселелер шешіледі деп сенеміз. Атап айтсақ, біріншіден, Елек өзеніне кетіп жатқан кәріз суларын тазарту тиімділігі артады. Екіншіден, иісті жоюға септігін тигізеді. Жалпы, бұл мәселенің көтерілгеніне он жылдан асты. Бүгінге дейін қалалық әкімдік қаладағы жағымсыз иісті залалсыздандыратын арнайы препараттар қолдануда. Бұл ауа ластайтын заттардың шекті мөлшерлі концентрацияның бірнеше есе азаюына септігін тигізіп отыр. Алайда жыл сайын оларды пайдаланғанмен, мәселе түбегейлі шешілмейді. Осы орайда биыл біз «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасын» жасақтадық. Осы жол картасына сәйкес, қаладағы №11 кәріздік насос станциясында коллекторлардан келетін газды жиналып алып, кәдеге жарату көзделіп отыр. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар жоба. Қазір арнайы жоба жасақталып жатыр. Сондай-ақ аталған жол картасында 44 іс-шара жоспарланған, оның 17-сі жергілікті бюджет қаражатынан, қалғаны ірі кәсіпорындар мен республикалық бюджет есебінен шешіледі. Мұндағы басты бағыт — атмосфералық ауаны қорғау, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, суларды тазарту. Мысалы, Елек өзенінің Жайық өзеніне құйғанша зиянды заттармен ластануында үш мәселе бар. Оның біріншісі, — Алға химия зауытынан бор қалдықтарының таралуы. Бұл жерде 26 миллион тонна бор бар. Сол бор Елек өзеніне әсер етеді. Мәселен, шекті мөлшерлі концентрацияның 1,5-2 есеге дейін көбейген кездері анықталды. Екінші мәселе, өткен ғасырдың 50-жылдары Ақтөбе хром қосындылары зауыты салынған тұста суға алты валенттік хром қосындыларының ағуы тіркелген. Соның кесірінен Елек өзеніне алты валенттік хром тікелей ағып, суды ауызсу ретінде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Біз олардың сынамаларын үнемі бақылап отырамыз. Үшінші мәселе — Қурайлы елді мекені тұсына көктемде Ақтөбе қаласынан шыққан кәріздік су құйылады. Міне, осы үш мәселе бүгінде өте өзекті.

— Биылғы су тасқыны кезінде Елек өзені арнасынан асты. Бұл тұрғыда мәселе туындаған жоқ па?

— Біз бұл кезеңде су сынамасын алдық. Бұл еріген қар суы болғандықтан зиянды заттардың шекті мөлшерлі концентрациясы өз деңгейінен асқан жоқ. Яғни, су көп болған сайын оның ішіндегі зиянды заттардың мөлшері азаяды. Сондықтан ешқандай қауіп болған жоқ.

— Облыста табиғатты пайдаланушы ірі кәсіпорындар көп, олар қоршаған ортаны қорғауға қандай үлес қосып жатыр?

— Ақтөбе облысының бір ерекшелігі, еліміздің батыс өңіріндегі басқа облыстарға қарағанда, мұнда мұнай-газ өндіріліп қана қоймайды, тау-кен өндірісі де жақсы дамыған, металдың түрі көп, қиыршық тас шығарылады. Соған байланысты олардың экономикаға пайдасымен бірге қоршаған ортаға әсер ететін жүктемесі жетерлік. Сондықтан бұл кәсіпорындар жыл сайын экологиялық бағытта рұқсат алған кезде арнайы табиғатты қорғау іс-шараларын жасақтайды. Біздің департамент сол шаралардың уақытылы жүзеге асырылуын бақылап отырады.

Қазіргі таңда Экологиялық Кодекс талаптарына сәйкес, атмосфералық ауа — ең бірінші сезілетін фактор. Сол үшін облыстың 8 ірі кәсіпорны зиянды заттардың көздеріне автоматтандырылған қоршаған ортаны бақылау станцияларын қондыруға тиіс. Яғни, біз онлайн режимде зауыттардың құбырларынан шығып жатқан зиянды заттарды қарап, бақылап отыруымыз қажет. Бұл — Экологиялық Кодекстің жаңа талабы. Оны, атап айтсақ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен өндіру комбинаты, Мұғалжар ауданындағы «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ақтөбе жылу-электр орталығы, «ҚазақОйл» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компаниялар қондыруға міндетті. Қазіргі таңда аталған бақылау станциясын «ҚазақОйл» компаниясы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ғана қондырды. Мұндай станцияларды еліміз бойынша барлық өңірдегі 90-нан астам ірі кәсіпорын қондыруға тиіс. Оның министрлікпен арнайы бекітілген ережесі бар. Онда тұрақты көздерден шығатын зиянды заттардың мөлшері 500 тоннадан асқан жағдайда осындай станциялар қондырылуы керектігі жазылған. Бұл жоба көп қаражатты талап етеді. Қазір облыста бұл бағыттағы жұмыстар кешіктіріліп жүзеге асырылуда. Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы әлі күнге дейін бұл бағытта тек тендерлік жұмыстарда ғана жүргізіп жатыр. Негізі жоспарға сәйкес, өткен жылдың 1 қаңтарына дейін компания жобаны жүзеге асыруға тиіс болатын. Алдағы уақытта біз заңмен көзделген талаптарға сәйкес бұл компанияға тиісті шаралар қолданатын боламыз.

— Биыл өңірімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылуда. Осы бағытта сенбіліктен басқа қандай шаруалар жүргізіліп жатыр?

— Биыл облыс бойынша барлық ауданда екі ай бойы санитарлық-тазалық шаралары өткізілді. Біздің департамент мамандары осы шараларға белсене атсалысты. Апта сайын сенбіліктерде қызметкерлерімізге қаланың бір-бір көшелері берілді. Соңғы «аялдама» ретінде біз сенбілік аясында Жеңіс саябағы мен Әуе қалашығындағы саябақты қоқыстан тазаладық. Одан бөлек, жыл сайын Экология министрлігінің тапсырысына сәйкес «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы арнайы ғарыштық түсірілім жасайды. Мәселен, 50 шақырымдық жерді түсірген кезде далалық жердегі заңсыз тұрмыстық қалдықтардың орналасуы тіркелді. Былтыр осындай бақылау жұмыстары аясында 292 орын анықталды. Оның ішінде 91 пайызы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп тазартылды. Айта кету керек, бұл орайда тиісті бақылау шараларын жүргізбеген Алға, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшылары жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, былтыр облыс бойынша 303,7 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналса, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 18,7 пайызды құрады. Ал биыл облыста қатты қалдықтарды орналастыру бойынша 12 полигон жұмыс істеп тұр. Оның 5-еуі — коммуналдық. Олар Ақтөбе, Алға, Шалқар, Хромтау қалаларында, Кеңқияқ кенті мен Қобда ауданында орналасқан.

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректері бойынша бүгінде облыста 323 елді мекен болса, олардың әрқайсысында қалдықтарды көмуге арналған орындар белгіленген. 160 ауылдық округте учаскелердің тиісті нысаналы мақсатымен жер актілері рәсімделген (Ақтөбе қаласы – 1, Әйтеке би ауданы – 15, Алға ауданы – 19, Байғанин ауданы – 9, Ырғыз ауданы – 18, Қарғалы ауданы – 14, Мәртөк ауданы – 17, Мұғалжар ауданы —14, Темір ауданы —10, Ойыл ауданы — 7, Қобда ауданы — 10, Хромтау ауданы – 13, Шалқар ауданы —13). Сондай-ақ олар санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді, өйткені олардың негізінде эмиссияларға рұқсат берілетін құрылыс жобасы және рұқсат етілген шығарындылар жобасы жоқ.

Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі жол картасы аясында 2021 жылы жергілікті бюджет қаражатына Мәртөк және Байғанин аудандарында заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысы аяқталған. Қазір полигондарды аудандардың балансына беру рәсімі жүріп жатыр. Мәселен, биыл Мәртөк ауданындағы полигон аудан балансына берілді.

Сонымен бірге облыстық бюджет қаражатынан Бадамша және Шұбарқұдық кентіндегі екі полигон бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Монтаждау жұмыстарын жүргізуге бұл әр полигонға алдын ала 160 000,00 мың теңге қажет. 2021 жылы Ойыл, Ырғыз, Комсомол, Қарабұтақ елді мекендері үшін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салудың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленді, жобаға мемлекеттік сараптама жүргізуге бюджеттік өтінім дайындалды. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді.

Енді жүргізілген тексерулерге келсек, былтыр Ақтөбе қаласындағы полигондарда қалдықтардың тұтану дерегі бойынша 14 оқиға тіркелді. Атап айтсақ, Шалқар қаласында — 4, Кеңқияқ кентінде бір дерек тіркелді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, департамент 2023 жылы Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе Табыс», Шалқар ауданындағы «Nur Taza Qala» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізді.

Бұдан бөлек, Кеңқияқ ауылы әкімінің экологиялық талаптарды бұзу туралы өтініші негізінде Темір ауданындағы «Кеңқияқ-СК» мекемесіне жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижелеріне сәйкес аталған заңды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды және құқық бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.

Жоспардан тыс тексеру барысында Шалқар ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына сенімгерлік басқарудағы «Nur Taza Qala» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметін экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны және Темір ауданындағы «Кеңқияқ-СК» мекемесінің жұмысы полигонның объектісіне әзірленген жобалық құжаттамаға сәйкес келмейтіні анықталды.Осыған байланысты аталған екі компания құқық бұзушылықтарды жойғанға дейін қызметін тоқтата тұру туралы сот шешімі шығарылды.

Департамент құқық бұзушылық жойылғанға дейін «Табыс Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де қызметін тоқтата тұру бойынша сотқа талап арыз жолдады.

— Жоғарыда «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өңірде тұрмыстық қалдықтар заңсыз орналасқан жер учаскелерін анықтағанын атап өттіңіз. Биыл бұл бағыттағы шаралардың нәтижелері қандай?

— Жалпы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы геопорталы 2018 жылдан бастап Ақтөбе облысының 50 шақырым аумағындағы жер учаскелерінде заңсыз орналастырылған қалдықтар туралы ақпарат беріп келеді. Мәселен, Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумақтары ғарыштық түсірілімде толық қамтылған, сондай-ақ Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандары аумағының шамамен 30-40 пайызы да кіргізілген. Былтыр ғарыштық түсірілім нәтижесінде заңсыз орналастырылған қалдықтар бойынша 292 жер учаскесі, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау, пайдалану бойынша заңдастырылған полигондардың шекарадан шығуы бойынша 25 жер учаскесі анықталды. 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 267 жер учаскесі бойынша қалдықтар жойылды. Ал биыл аталған компания геосервис сайтына заңсыз орналастырылған қалдықтар бойынша ғарыштық түсірілімнің ақпаратын ұсынбады.

Сәуір айынан бастап департамент Ақтөбе облысы бойынша заңсыз орналасқан қалдықтардың жер учаскелерін анықтау бойынша біршама жұмыстар жүргізді. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 4 жер учаскесінен заңсыз қалдықтар анықталып отыр.

Анықталған жер учаскелері бойынша біз жергілікті атқарушы органдарына тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде тапсырмалар бердік. Сонымен қатар экология департаменті мен табиғатты қорғау полициясы тараптарынан қалдықтарды және ағынды суларды заңсыз тасымалдау және оларды орналастыруға арналмаған жерлерде шығару фактілерін анықтау, олардың жолын кесу үшін рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Бұл бағыттағы рейдтік шаралар жыл аяғына дейін жалғасады.

Осы тұста айта кету керек, егер тұрғындар қандай да бір экологиялық заң бұзушылыққа куә болса, оның ішінде рұқсат етілмеген аумақтарға қоқыс қалдықтарын шығару және ағынды суларды төгу деректерін көрсе, дереу фото, бейне дәлелдемелерін жинақтап, 102 телефонына немесе департаменттің жауапты қызметкерінің 8-701-644-89-58 ұялы телефонына хабарласуына болады. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 344-бабының 2-бөлігінің талаптарына сәйкес жеке тұлғаларға қалдықтарды арнайы емес жерге шығарғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш және осы Кодекстің 344-бабының 3-тармағына сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін жеке тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне санаттарына қарай айлық есептік көрсеткіш одан да көп қарастырылған.

Облыстың бас экологі: Ақтөбенің экологиясы айрықша назарды қажет етеді

— Өкінішке қарай, бүгінде бірқатар тұрғынның экологиялық мәдениеті, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігі әлі қалыптаспай келеді. Мәселен, жуырда облыс орталығындағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналып ұйымдастырылған концерттің соңында қаншама қоқыс жиналды. Бұған не дейсіз?

— Қазір біздің ардагерлеріміз бен мамандарымыз әр апта сайын мектептерге, арнаулы оқу орындарына барып, кездесулер ұйымдастырып, дәрістер оқиды. Ондағы мақсат — жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген жанашырлығын ояту, жауапкершілігін қалыптастыру, оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеу. Негізі әр адамның жауапкершілігі отбасындағы тәрбиесіне байланысты. Сондықтан әр тұрғын өз ауласын, барған жерін жинап жүрсе, табиғатқа жанашырлықпен қараса, мұндай олқылықтар болмас еді.

Бір мысал келтірейін, жуырда департаменттің бастамасымен Ақтөбе су қоймасы маңында акция ұйымдастырылды. Бұл шараға департамент мамандарымен қатар өңірдегі 8 компанияның өкілдері қатысты. 150-ге жуық адам қатысқан акцияда су қоймасының маңы түгел күл-қоқыстан тазартылды. Кейін көп уақыт өтпей біз сол жерге қайта барғанымызда дәл сондай қоқыстар жиналып қалған. Зерттеп білгеніміздей, ол жерге балықшылар көп барады. Олар қоқыстарын жинамай, сол жерге тастап кете береді екен. Біз бұл жөнінде жергілікті полиция қызметкерлеріне хабарлама жібердік. Енді табиғатты ластаушы тұлғалармен құқық қорғау органдарының мамандары айналысады. Заң аясында полиция департаменті өкілдері мұндай жауапсыз адамдарға айыппұл сала алады.

— Сөз соңында департамент жайлы қысқаша айтып кетсеңіз. 

— Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті 1988 жылы құрылған. Содан бері департамент өңірдегі экологиялық мәселелермен айналысып келеді. Қазіргі таңда департаментте 23 адам жұмыс істейді. Мұнда мамандықтары бөлек, алайда осы салада абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар көп. Мәселен, менің негізгі мамандығым — заңгер және мұнайшы. Осы салада қызмет еткеніме 20 жылдан асты. Бұған дейін Атырау облысында 5 жыл, Батыс Қазақстан облысында 6 жыл экология департаментін басқардым. Ақтөбе облысында еңбек етіп жатқаныма 1,5 жыл болды.

Жалпы, қазір елімізде эколог мамандар даярлайтын оқу орындары жетерлік. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде эколог мамандар даярлайтын арнайы факультет бар. Егер болашақта эколог болғысы келетін жастар болса оған мүмкіндік мол.

— Әңгімеңізге рақмет!

Бізден бір дерек. Кеше, 5 маусым күні, ақтөбелік экологтар өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Дегенмен облыста жылдағы дәстүр бойынша салтанатты жиын болған жоқ. Оған басты себеп — өңірде болған су тасқыны жағдайы.

Аталған департаменттің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Сара Бекмағамбетованың бұл мекемеде еңбек еткеніне 1,5 жыл болған. Жас маман Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған. Оның департаменттегі негізгі қызметі — экологиялық мемлекеттік қызмет көрсету.

Қазір біз «КазНефтеГазПроект» компаниясына қатысты жұмыстармен айналысып жатырмыз. Бұл компания бізден бірнеше рет мұнайдың бар-жоқтығын зерттеуге рұқсат сұрап келеді. Ал жергілікті тұрғындар оған наразы. Себебі олар компания мұнай көзін тапса, онда қазу жұмыстары басталады деп қорқады. Біз халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың құқығын қорғаймыз, — дейді Сара.

Эколог маманның алға қойған мақсаты айқын. Ол өңірдегі экологиялық проблемалардың шешілуіне өз үлесін қосқысы келеді. Еңбекқор жас қазір осы бағытта үздіксіз ізденіп жүр...

Өзгелердің жаңалығы