Облыс әкімдері орынбасарларының міндеттерін қайта қарау керек – министр

16 Ақпан 2021, 11:33
1241
Бөлісу:
Облыс әкімдері орынбасарларының міндеттерін қайта қарау керек – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің онлайн отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өңірлердегі әкімдер орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарауы қажет деп санайтынын айтты.

Инвесторлармен нақты жұмыс істеу үшін 2012 жылы инвестицияларға жауапты облыстар мен республикалық маңызы бар әкімдердің арнайы орынбасарлары лауазымы енгізілді.

Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті. Жылдар өте келе әкімдердің арнайы орынбасарларының функционалы оларға тиесілі емес міндеттермен шайылып кетті. Мысалы, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, СҚО мен Маңғыстау облыстарында ғана әкімдердің арнайы орынбасарлары тек қана инвестициялар мәселелерімен айналысады, - деді ол.
Мұхтар Тілеубердінің сөзінше, қалған облыстарда оларға инвестицияларға шоғырлануға мүмкіндік бермейтін басқа да міндеттер жүктелген.
Сондықтан өңірлердегі әкімдер орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарап, инвестициялар тартуға, яғни бастапқы бағдарға оралуы қажет деп санаймын, - деп атап өтті министр.

Оған қоса жыл қорытындысы бойынша инвестициялық штабта қаралатын өңірлердің инвестициялық рейтингі әзірленіп, Президенттің қарауына енгізіледі.

Салалық министрліктер мен квазимемлекеттік ұйымдарда да инвесторлармен жұмыс істеуде проблемалар бар. Осыған орай, бірінші басшылар нақты жоспарлары мен көрсеткіштері бар инвесторлармен жұмыс істеуі үшін жауапты орынбасарларды нақты айқындауы қажет, - деп айтты Тілеуберді.

Өзгелердің жаңалығы