Оңтүстік Африка Республикасы АҚШ президенті Дональд Трамптың 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне елді шақырмау туралы мәлімдемесіне қатты қарсылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
Америкалық көшбасшы ОАР-ды "ақ нәсілділерге геноцид жасады" деп айыптап, елді шақырмау жөнінде тапсырма бергенін жариялаған еді. Претория бұл сөздерді "қабылдауға болмайтын" әрі "қорлайтын" мәлімдеме деп бағалады.
ОАР президенті Сирил Рамафоса Оңтүстік Африканың егеменді әрі демократиялық мемлекет екенін атап өтіп, оның жаһандық алаңдардағы мүшелігі мен қатысуына қатысты басқа елдердің қорлауына жол бермейтінін айтты. Ол Вашингтонның позициясы «жалған ақпарат пен бұрмалауларға» негізделгенін айтып, Трамптың «айыппұл шараларын» қолдану туралы шешімін өкінішті деп атады. Рамафосаның сөзінше, бұл шешім ОАР мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған күш-жігерге қайшы келеді.
Оңтүстік Африка тарапы жақында 21–22 қарашада Йоханнесбургте өткен G20 саммитін барлық қатысушылар жақсы бағалағанын еске салды. АҚШ ол жиынға жоғары лауазымды делегация жібермегендіктен, төрағалықты символдық түрде АҚШ өкіліне тапсыру рәсімі елдегі АҚШ елшілігінің қызметкері арқылы жүзеге асқан.
Жағдай 26 қарашада Трамп Truth Social платформасындағы блогында жазба жариялағаннан кейін ушықты. Онда Трамп ОАР билігін еуропалық тектегі фермерлерге қатысты "адам құқықтарының бұзылуын мойындаудан бас тартып отыр" деп айыптады. Ол елде «ақ нәсілділерді өлтіру және жерін тартып алу» жағдайлары бар екенін алға тартып, осыған байланысты ОАР-ды алдағы G20 саммитінен шеттетуге және бұл елге барлық төлемдер мен субсидияларды тоқтатуға бұйрық бергенін айтты.
Претория бұл айыптауларды жоққа шығарып, ОАР-дағы қылмыс құрбандарының басым көпшілігі — қара нәсілді азаматтар екенін мәлімдеді. Рамафоса елде зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін мойындағанымен, ол бүкіл халыққа ортақ проблема екенін, белгілі бір этникалық топқа ғана қатысты еместігін атап өтті.
АҚШ әкімшілігінің босқындар қабылдау квотасын 125 мыңнан 7 500 адамға дейін қысқартуы да ОАР тарапынан сынға ұшырады. Оның үстіне, квотаның көп бөлігі дәл ОАР-дың ақ нәсілді азаматтарына арналған еді. Мамыр айында АҚШ осындай көшіп келушілердің алғашқы тобын қабылдады. Ол кезде Трамп Америка "зорлық-зомбылықтан қашқан адамдарға азаматтық беріп жатыр" деп мәлімдеген болатын.
Сарапшылардың пікірінше, көші-қон саясаты, адам құқықтары және ОАР-дың G20 құрамындағы орнына қатысты келіспеушіліктер екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленістің жаңа кезеңіне ұласуы мүмкін.