Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда "Бірінші арнаның" эфирінен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің 75 жылдығына арналған "МГИМО на всех языках мира" атты деректі фильм көрсетілді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Фильмнің түсірушілері осы бірегей жоғары оқу орнының көптеген атақты түлектерімен кездескен. Олардың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бар. Қазақстан президенті аталған жоғары оқу орнына қалай оқуға түскенін, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінде алған білімі өзінің өмірінде қандай рөл атқарғанын айтты", - деп жазды ол.
Мемлекет басшысынан бөлек осы оқу орнының белгілі түлектері – Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мирослав Лайчак, РФ cыртқы істер министрі Сергей Лавров және басқа да ірі саясаткерлер мен бизнесмендер өздерінің студент кездеріндегі естеліктерімен бөлісті.