Зохран Мамдани Құран ұстап, көпшілік алдында ант бергеннен кейін Нью-Йорк қаласының мэрі ретінде ресми түрде қызметіне кірісті. Ол бұл лауазымға келген алғашқы мұсылман мэр атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нью-Йорк мэриясының алдындағы баспалдақта өткен шараға мыңдаған адам жиналды.
Мамдани антты Құран ұстап тұрып қабылдады. Қасиетті кітапты оның жұбайы Рама Дуваджи ұстады. Рәсімге сайлау науқаны кезінде оны қолдаған сенатор Берни Сандерс те қатысты.
Зохран Мамданидің Нью-Йорк мэрі ретіндегі анты екі рет қабылданды: біріншісі — жабық форматта, екіншісі — көпшілікке арналған шара барысында. Алғашқы ант 1 қаңтарға қараған түні қараусыз қалған метро станциясында өтті, ал екіншісі қала ратушасының алдында ұйымдастырылды.
34 жастағы Мамдани алғашқы антын 1 қаңтар күні таңертең «Боз-Ар» деп аталатын қараусыз метро станциясында өткен жабық рәсім барысында қабылдады. Бұл шараға саясаткердің отбасы мүшелері мен жақын серіктестері ғана қатысты.
Нью-Йорк мэрінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Осы уақыттан кейін ол екінші мерзімге қайта сайлауға түсе алады.
2025 жылғы 4 қарашада өткен Нью-Йорк мэрі сайлауында Зохран Мамдани 50 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.
Ол соңғы 100 жылдан астам уақыт ішіндегі ең жас мэр атанып, сондай-ақ бұл қызметті иеленген алғашқы мұсылман әрі Африкадан шыққан тұлға болды.