Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажеттігін атап өтті.
"Қазақстан сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың, соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
Өз кезегінде, Саломе Зурабишвили Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.