Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Нью-Йорк полиция департаментінде қызмет атқарып жүрген этникалық қазақтармен кездесті.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Кездесу барысында тараптар отандастардың кәсіби жолы, ұлттық болмысты сақтау және тарихи Отанмен байланысты нығайту мәселелерін талқылады. Министр шетелде табысқа жеткен қазақтардың өз халқын лайықты таныстырып, әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүргенін атап өтті.
Кездесуге қатысушылардың бірі – Нью-Йорк полициясының қызметкері Мирас Бүкешев. Ол 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Сол қалада өсіп, мектепті тәмамдаған. 2018 жылы АҚШ-қа көшіп, 2023 жылдан бері Нью-Йорк полициясында қызмет етіп келеді.
Сондай-ақ кездесуге Данияр Нұртаза қатысты. Ол отбасымен бірге 2002 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. 2014 жылы Нью-Йорк полициясының қатарына қабылданған.
Данияр Нұртаза 2015 жылы Нью-Йорк метросының станцияларының бірінің маңында әйелдің босануына көмектесіп, көпшілікке кеңінен танылды. Оның кәсіби әрекеті қоғам тарапынан жоғары бағаланып, адамдарға жанқиярлықпен қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде мойындалды. Қазақстандық полицейдің өмірі мен қызметі туралы деректі фильм де түсірілген.
Ержан Сәденов отандастарына мамандыққа деген адалдығы және шетелде қазақ халқының абыройын асқақтатып жүргені үшін алғыс айтып, алдағы қызметтеріне табыс, мықты денсаулық пен амандық тіледі.