Нығматулин: Партияаралық Кеңестің ұсыныстары заң шығару барысында ескеріледі

4 Наурыз 2021, 13:04
1781
Бөлісу:
Нығматулин: Партияаралық Кеңестің ұсыныстары заң шығару барысында ескеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілісте Қазақстанда тіркелген партия өкілдерінің кездесуі өтіп, отырыс барысында Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жанынан партияаралық Кеңес құруды ұсынды.

Мәжілісте өткен жиынға Adal, «Ақ жол», «Ауыл» партияларының және Қазақстан Халық партиясының, Nur Otan және ЖСДП өкілдері жиналды.

Әрқайсымыздың алға қойған жоспарларымыз, міндеттеріміз, жұмыс істеу тәсілдеріміз әртүрлі болғанымен, мақсатымыз бір. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді дамыту бастамаларын қолдап, халқымыздың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету, үлес қосу, - деді отырыста Нұрлан Нығматулин.

Осы жолда Мәжіліс әрқашанда қоғамдық ұйымдармен, тәуелсіз сарапшылармен, журналистермен ашық, қолжетімді және жария жұмыс істеп келе жатыр.

Мәжіліс жанынан партияаралық кеңесті ұйымдастыруды ұсына отырып, біз, ең алдымен, парламенттік және парламенттік емес партиялардың диалогын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашқымыз келеді. Осы жаңа пікірталас алаңында әзірленетін талқылаулар, ұсыныстар, ұсынымдар заң шығару процесін одан да тиімді етуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Жалпы, біздің партияаралық кеңес аясындағы ынтымақтастығымыз өзекті мәселелерді шешудің тағы бір құралы бола алады, - деді Палата спикері.

Нығматулиннің пікірінше, партияаралық кеңес консультативтік-кеңесші орган болуы тиіс. Сонымен қатар ол депутаттық корпустың партия өкілдерінің қандай да бір заң жобалары бойынша жұмыс топтарының құрамына кіруіне мүдделілігін білдірді.

Сіздің идеяларыңыз, ұсыныстарыңыз іс жүзінде жүзеге асырылуы керек. Біз бірлескен жұмысқа дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық парламенттік емес партиялар үшін де пайдалы болады деп ойлаймын, - деді Мәжіліс спикері кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.

Отырыс барысында «Ауыл» патриоттық партиясы төрағаның бірінші орынбасары Т.Рахымбеков, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы А.Рахымжанов және Adal партиясының хатшысы Э. Жұмағазиев Мәжіліс төрағасы ұсынған бастаманы қолдап, бұл Мәжіліс жұмысындағы жаңа бетбұрыс екенін айтты.

Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген тапсырмаларына, соның ішінде жаңа заң жобаларын әзірлеуге қатысты мәселелерге назар аударды.

Біз партияаралық кеңестің тұрақты жұмыс істейтін жұмыс алаңына айналуын қамтамасыз етуіміз керек. Онда ұсынымдар әзірленеді, содан кейін олар Парламенттегі заңнамалық процестің барлық сатыларында пайдаланылатын болады, - деді сөзін қорытындылаған Мәжіліс төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы