Нығматулин: Парламент Елбасының бастамаларын заң деңгейінде қолдап келеді

22 Қараша 2021, 11:49
967
Бөлісу:
Нығматулин: Парламент Елбасының бастамаларын заң деңгейінде қолдап келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы. Тәуелсіздік. Парламент» атты халықаралық конференцияда сөз сөйледі.

Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясының арқасында Қазақстан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған Конференция биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде.

Парламент Мәжілісі жыл сайын дәстүрлі түрде Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастыратын форумға Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Словакия парламенттерінің басшылары, Еуропалық Парламент, ТүркПА парламент өкілдері, Мәжіліс және Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Конференцияны алғысөзбен ашқан Мәжіліс Төрағасы биыл тәуелсіз Қазақстанның құрылғанына 30 жыл толатынын,  бұл халық үшін тағы бір тарихи белес екенін, еліміз бағындырған әрбір жеңіс, тікелей Елбасының атымен байланысты екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Палата Спикері Тұңғыш Президентіміздің «алдымен экономика, одан кейін саясат», – деген ұстанымының арқасында еліміз қиындықтарды жеңіп, осы кезеңде қос Палаталы кәсіби Парламент Елбасының және Президенттің  заңнамалық тірегі болғанын айтты.

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, Қазақстан Парламентінің құрылғанына да 25 жыл толды. Парламент осы жылдың ішінде, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларын заң деңгейінде қолдап, барлық реформаларды қажетті, сапалы заңдармен қамтамасыз етті. Бұл жұмыс қазіргі уақытта Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін орындау мақсатында тиімді жалғасып келеді. Бүгінде Парламенттен шыққан әрбір құжат халқымыздың, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуының заңнамалық тірегіне айналды деуге болады, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин бүгінде Конституциялық реформа нәтижесінде Парламенттің өкілеттігі күшейтілгенін атап өтіп, өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Парламенттік оппозиция институты енгізіліп, саяси бәсекелестікті күшейту үшін «Саяси партиялар туралы»,«Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізілгенін атап өтті.  

 Осының барлығы заң шығару қызметіне жаңа серпін беріп, кәсіби Парламенттің беделін арттырды. Қазіргі уақытта біздің заң шығарушы орган барлық әріптес мемлекеттердің парламенттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыс жасап келеді, - деді Палата Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин Парламент  халықаралық қоғамдастықта ерекше орны бар барлық халықаралық және өңірлік парламенттік құрылымдардың белсенді қатысушысы екенін алға тартып, қазақстандық депутаттар делегациясы Парламентаралық одақ, ТМД ПАА, ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеялары, ҰҚШҰ және НАТО, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Парламенттік Одағы, Азия Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА сияқты белді халықаралық ұйымдар қызметіне белсенді қатысатынына тоқталды.

Отырыста Мәжіліс Төрағасы бүгінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының бағытын жалғастыра отырып, саяси реформаларын іске асырып, Қазақстан қоғамы өмірінің барлық салаларын жаңғырту үшін бірқатар маңызды бастамалар ұсынып отырғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы