Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудолф Гиклді қабылдады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде, парламентаралық ықпалдастықты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады.
Мәжіліс төрағасы Чехия Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, екі ел арасында барлық деңгейде белсенді байланыс орнағанын атап өтті.
Ол ең алдымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Республикасының Президенті Милош Земанның бірлескен еңбегінің жемісі екенін айтты. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, парламентаралық өзара іс-қимыл екіжақты қатынастың маңызды бөлігі болғандықтын, тараптар арадағы байланысты тереңдетуге мүдделі. Әсіресе, экономиканың аграрлық және өнеркәсіптік секторын реформалау, денсаулық сақтау жүйесі, білім туризм саласын дамыту тетіктерін меңгеру зор қызығушылық тудырады.
Өз кезегінде елші мырза еліміздің даму қарқынына жоғары баға беріп, Қазақстанның даму әлеуетінің зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар, саяси, сауда-экономикалық сұрақтарды жан-жақты назарға алды. Нұрлан Нығматулин 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне көңіл бөліп, маңызды жиынға қатысты мәселелерді талқылады.