Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің ресми сайты.
Оқи отырыңыз:
Мәжіліс спикерінің пікірінше, Еуразиялық Экономикалық одақ аясында бірлескен жұмыс сауда-экономикалық байланысты тереңдетуге жол ашады. Қазақстандық-армяндық парламентаралық қарым-қатынас туралы сөз еткенде Мәжіліс төрағасы алдағы еуразиялық интеграцияны заңнамалық қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысқа көңіл бөлді.
Нұрлан Нығматулин сондай-ақ, өз әріптесіне заңнамалық қызмет бойынша тәжірибе алмасу үшін ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсынды. Кездесу барысында тараптар ҰҚШҰ ПА аясында өзара іс-қимылды күшейтуге қатысты сұрақтарды да талқылады. Арарат Мирзоян атап өткендей, парламентшілердің бірлескен жұмысы қазіргі заманғы ең өзекті сұрақтардың шешімін табуға мүмкіндік береді.