Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысу үшін арнайы келген Беларусь парламенті өкілдер палатасының спикері Владимир Андрейченкомен кездесті. Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліс төрағасы өз алғысын жеткізе отырып, Беларусь – Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі екенін, ал қазақстандық-беларустық, соның ішінде, парламентаралық деңгейде қарым-қатынас жүйелі әрі нәтижелі ынтымақтастықтың үлгісі екенін айтты.
Өз кезегінде Владимир Андрейченко Қазақстанның тек қана Еруазия кеңістігінде ғана емес, жалпы бейбітшілікті, достықты, келісімді нығайтуға зор үлес қосқанын айтты. Өкілдер палатасының спикері Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Беларусь президенті Александар Лукашенконың жақын қарым-қатынаста екенін атап өтті. Владимир Андрейченко сондай-ақ, 4-кеңес табысты өтетініне сенім білдірді.
Мәжіліс төрағасы екі елдің қарым-қатынасы екіжақты, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясында мүдделер тоғысымен тереңдей беретіндігіне тоқталды.