Nvidia компаниясы жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын салу аясында OpenAI-ге 100 миллиард долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр. Келісімге сәйкес, OpenAI алдағы жылдары миллиондаған Nvidia AI процессорларын сатып алып, қуаты 10 гигаваттқа дейін жететін инфрақұрылым құрады. Бұл шамамен 10 ядролық реактордың қуатына тең, деп хабарлайды BAQ.KZ Financial Times басылымына сілтеме жасап.
Алғашқы 10 млрд доллар инвестиция алғашқы гигаватт іске қосылғаннан кейін құйылады. OpenAI-дің қазіргі бағасы 500 млрд доллар болса, Nvidia шамамен 2% үлеске ие болмақ. Кейінгі қаржы құю кезеңдері де осы бағалауға сай жүргізіледі.
Мәміле толық жүзеге асса, ол технология саласындағы тарихтағы ең ірі жеке инвестициялардың бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім Nvidia-ның жасанды интеллект индустриясындағы үстемдігін күшейтіп, компанияға жүздеген миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін.
OpenAI бас директоры Сэм Альтман: «Есептеу инфрақұрылымы – болашақ экономиканың негізі. Nvidia-мен серіктестік жасанды интеллекттегі жаңа технологияларға жол ашады», – деді.
Nvidia басшысы Дженсен Хуанг бұл әріптестікті AI саласындағы «келесі қадам» деп атады.
Жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін.