Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Каддуми Саад-Аль, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев, «Асыл Дизайн» сән үйінің «Аспара» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиевпен кездесті.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізуге қатысты орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Қонақтар осы жөніндегі халықаралық сараптамалық комиссия мүшелері болып табылады.
Облыс әкімі өз сөзінде 2000 жылдан астам тарихы бар Тараздың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 5-уі - халықаралық ЮНЕСКО ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер.
Үш күндік сапарларыңызда Тараздың терең тарихымен танысып, жәдігерлерге бай екеніне, қолөнершілер қаласы атануына лайық екеніне көз жеткізе түсесіздер деп ойлаймын. Тарихымызды таныту арқылы туризмді дамыту бойынша ауқымды шаралар жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыс істейміз деген кәсіпкерлерге барлық қолдаулар көрсетіледі,-деді Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде қонақтар да жылы шыраймен қарсы алған жамбылдықтарға ризашылығын жеткізіп, аймақтың мәдени, рухани бағытындағы жұмыстарын оң бағалады. Облыстың қолөнершілік және туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, коммиссия тарапынан жалпы оң шешім қабылданатынына сендірді.
Каддуми Саад-Аль мырзаның айтуынша, Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылуда. Бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 55 қаласы енген.
Қолөнершілер қалалары тізіміне Өзбекстан Республикасының Самарқан, Бұхара, Хиуа, Қоқан қалалары енгізіліп, бүгінгі таңда Үргеніш қаласы осы тізімге қосылуға өтініш беріп отыр. Қырғызстан Республикасының Нарын қаласы да осы тізімге енгізілген.
Сарапшылар алдағы екі күн бойы «Көне Тараз шеберлері» қолөнер көрмесіне қатысып, қолөнерді жүзеге асыру нүктелерімен танысып, өңірдегі мәдени-тарихи нысандарды аралайды.