ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп журналистиканың 7 артықшылығы атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Нұртөре Жүсіптің сөзінше, журналистиканың аясы өте кең: “Кімде кім ақпаратқа ие болса, әлемді сол билейді” деген қағида бар.
Бұған сонау Алаш қайраткерлерінің бәрі журналистиканы ұлттық қару еткенін қосыңыз. “Дала уәләятынан” бастап “Қазақ”, “Айқап” тағы басқа басылымдарды қиын-қыстау кезеңдерде не үшін шығарғанын еске алсақ та жеткілікті. Журналистика - ұлттың айбары, қарасөздің қайрағы!, - деді ол.
Депутат журналистика - таза мемлекетшіл тұлғаларды шығаратын мамандық екенін айтты.
Журналистер негізінен елшіл, мемлекетшіл, ұлтшыл көзқараста тәрбиеленеді. Елім дегенде етінен ет кесіп беруге даяр тұратын мамандары бар мәртебелі мамандық!, - деп атап өтті Жүсіп.
Оның айтуынша, жергілікті биліктен әділдік таппағандар газет редакцияларына араша сұрап келеді.
Кез келген қоғамның негізгі ұстыны - Әділдік! Жергілікті биліктен, соттан әділдік таппағандар газет редакцияларына ақиқат іздеп, араша сұрап келеді. Әділетті қоғамның жаршысы да басқа мамандық өкілдері емес, дені - журналистер!, - деді халық қалаулысы.
Нұртөре Жүсіп журналист - ең бірінші сұрақ қою мүмкіндігіне ие маман екенін де айтып өтті.
Қоғамның жетістігі мен кемшілігін, істің нәтижесін, ақжолтай жаңалықтар мен елдің мұң-зарын бірінші болып жеткізетін жеделдігі мен өткірлігі тағы бар. Патшадан бастап пақырға дейін тікелей сұқбат алады, кез келген саладан хабары мол, көзі қарақты, көкірегі ояу; кез келген жағдайда 24 сағат жұмыс істей алатын қабілеті мен дағдысы бар жандарды қайдан табасыз?!, - дейді ол.
Депутаттың сөзінше, кез келген қоғам ақпаратқа, ағартушылық пен танымдық дүниеге аса зәру. Осының бәрін қамтамасыз ететіндер де журналистер.
Қоғамға - жоқшы, шырақшы, сақшы, үгітші, насихатшы, тілекші адамдар керек десек, қазақ қоғамының қалғып кетпеуі үшін жанын да, барын да салып келе жатқан, былық-шылыққа, жемқорлыққа, арамдыққа, қулық-сұмдыққа белшеден бата қоймаған таза бір мамандық керек болса, оны осы журналистер ауылынан табасыз, - деді сенатор.
Бұл ретте ол Мұхтар Мағауин мен Ерлан Қариннің айтқанын тілге тиек етті.
Кез келген мемлекеттің тілі, діні, ділі мен салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары - баға жетпес байлық. Тілдің тазалығын, сөйлеу, жазу, оқу мәдениетін қалыптастыратын да журналистер қауымы! Бір сөзбен айтқанда, Мұхтар Мағауиннің “Қазақ журналистикасы мен публицистикасы ақын-жазушылардан оқ бойы озып кетті” деген бағасы мен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің “Қазақ журналистикасы - ұлттық партия міндетін атқарып отыр”,- деген бір ауыз пәтуәлі пікірі талай нәрседен хабар берсе керек!, - деп түйіндеді Нұртөре Жүсіп.