Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

21 Желтоқсан 2021, 17:37
4814
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор Нұртөре Жүсіптің «Жолыққан жандар» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Автордың айтуынша, туынды Тәуелсіздік жылдары журналистік жолда жолыққан тұлғалар туралы сыр шертеді.

Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

Кітаптың атауы айтып тұрғандай, өмірімде көп жақсы адам кездесті, жақсы ұстаз болды. Әсіресе, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, журналистік мектепте Нұрлан Оразалин ағамыз кездесті. Бұл кісілердің әрқайсысынан шығармашылық өмірде тәртіпті, талапты болуды, жауапкершілікпен жұмыс істеуді үйрендім. Ағаларымыздың үйреткені көп. Бұл кітап – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым. Жинақта 30-ға тарта азаматтардың адамдық болмысын ашып көрсетуге бағытталған эсселер топтастырылған. Ел тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен тұлғалардың портретін сомдауға жасаған бір талпыныс еді. Оқырман таразысы болар деп ойлаймын, - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

Кітаптың алғысөзін қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған.

Жинақтағы кейіпкерлер түгелдей автордың көрген-білген, өмірде араласқан, кейде тіпті дос-жар болған адамдар. Сондықтан автор не жазса да сендіре жазады, бұрын көп ешкім айтпаған, байқамаған оқиғалар мен деректерді ойнатып отырады, - дейді сенатор.

Жинаққа қаламгердің ағалары, замандастары, әріптестері  мен сыйлас азаматтар жөнінде жазған толғамдары енген. Кітаптағы ең құнды дүниенің бірі – қазақтың көрнекті жазушысы, Алтайдың кербұғысы Оралхан Бөкей туралы «Асау жүрек аяғын шалыс басқан»  эссесі. Нұртөре Жүсіп Оралхан ағасының ең соңғы сапарында бірнеше күн жанында бірге болады. Сезімтал жүрек, ұшқыр қаламмен жазушының әр сөзі, әрбір іс-әрекетін ыждаһатпен жадына тоқи берген. Даңғаза дақпырттан үнемі бойын аулақ салып, ауаша жүруді ұнататын жазушы ағасына інілік ізетпен қызмет көрсеткен. Онысын риясыз көңілмен  қабылдаған жазушы да қаламдас бауырымен ашыла сырласқан. Қаламгер соның бәрін қаз-қалпында хатқа түсіріп отырған.

Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

Оралхан Бөкеймен Үндістанға барып, ол кісінің соңғы сапарында бірге болдық. Сол кезде көрген, сырласқанда естіген әңгімелер жадымда жатталып қалды. Солардың бәрі «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» деген тақырыппен жинаққа еніп отыр, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Қазақ әдебиетінің классик жазушылары Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтан бастап, Социалистік еңбек ері Ыбырай Жақааевтың да бейнесін жинақтан табуға болады.

Туындының тұсаукесеріне Сенат депутаттары, публицистің қаламдас достары мен шәкірттері қатысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Кеңес өкіметі кезіндегі және тәуелсіздік жылдарындағы журналистиканы салыстыра отырып, сөз бостандығы туралы, кітап авторы жайлы шер тарқатты.

Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

Нұртөренің шығармашылық дүниесі қай уақытта болсын тың ой айтылып, қоғамға өзін жанашыр жағынан көрсетеді. Ол жас кезінде қоғамда болып жатқан кем-кетік, қырсық шалған жағдайларға сын көзбен қарай алды. Сендер жаңашыл, бізден мықтырақ ұрпақ болып келдіңдер, - деді Қуаныш Сұлтанов.

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов туындының келешек ұрпаққа пайдасы тиетін еңбек екенін атап өтті.

Нұртөре Жүсіп: «Жолыққан жандар» - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым

Кітаптың мазмұнын ашсам, Шерхан ағамыздан, Ақселеу ағамыздан, Темірбек Қожекеевтен басталады. Әрқайсысына бір емес, бірнеше роман жазуға болады. Ол кісілердің өмір жолы керемет. Бұл - біздің жастарға үлгі болатын жол. Сіз қаламыңызды алып, «Жолыққан жандар» деп кітап жазып отырсыз, бұл - керемет. Кітапта ол кісілердің өмір жолы мен шығармашылығына сіз үлкен сараптама беріп отырсыз. Жастарға, болашақ ұрпаққа пайдасы болар үлкен жұмыс атқардыңыз. Қаламыңыз ешқашан талмасын, алға баса беріңіз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы