Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Ана тілі» республикалық зияткерлік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенатор қатысушыларды құттықтауға орай сөйлеген сөзінде зияткерлік бастамалар мен білім беру жобалары жаңа сападағы қоғамдық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуына тығыз байланысты екенін атап өтті. Жаңа Конституцияның жобасы бұл тұрғыда еліміз дамуының келешектегі ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарын айқындайтын құжат ретінде ерекше мәнге ие болып отыр.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, ұсынылып отырған жаңа Негізгі заң жобасы әділеттілік, заң үстемдігі, институционалдық жауапкершілік және билік тармақтарының теңгерімділігі қағидаттарын бекітеді.
Жаңа Конституцияның жобасы – бұл жекелеген ережелерді ресми түрде жаңарту емес, жалпы халықтық талқылауға шығарылған стратегиялық ұсыныс. Ол мемлекеттің бұдан былайғы даму жолын таңдауын көрсетеді. Құжатта әділеттілік, заң үстемдігі, билік тармақтарының институционалдық жауапкершілігі мен тепе-теңдігі қағидаттары бекітіледі. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандығына кепілдіктер күшейтіледі, қоғамның елді басқаруға қатысу тетіктері кеңейтіледі, - деді Нұртөре Жүсіп.
Ол сондай-ақ Қазақстанның жаһандық бәсекелестік, цифрлық трансформация және қоғамдық қатынастардың өзгеруі жағдайында дамып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіші ретінде құқықтық институттарды нығайту, адам капиталын, ғылым мен білім беруді дамыту ерекше маңызға ие.
Біз іс жүзінде саяси жүйенің тұрақтылығын, мемлекеттік бағыттың болжамдылығы мен мемлекет және қоғам арасындағы сенімді қамтамасыз етуге қабілетті жаңартылған құқықтық үлгі қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Болашақ ұрпаққа қандай құқықтық негіз жасалатыны, еліміздің заманауи қауіп-қатерге қаншалықты тиімді жауап бере алатыны және ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ететіні азаматтардың референдумдағы шешіміне байланысты болады, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.