Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қордайда болған төбелес қазақ қоғамын бей-жай қалдырған жоқ. Қоғам қайраткерлері де, елге танымал мәдениет және өнер өкілдері ашуға мінген халықты ауызбіршілікке, сабырға шақырып, басу айтып жатыр.
Осы ретте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қордай оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Қордай жанжалы жанға маза таптырар емес. Қаза тапқан қандастар отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Әлеуметтік желіге күніге жүз рет кіріп, әр хабарға қайта-қайта қараймын. Ашынғандар бар. Арандағандар бар. Арандатушылар да бар сияқты... Кінәлі кім? Жанжал неден басталды? Жағдай неге ушықты? Осының бәріне кінәлі кім деген сұрақтың төбесі қылтиды. Анадан көру, мынадан көру, жаппай тәртіпсіздікке шақыру орын алып та жатыр, - дейді сенатор.
Оның айтуынша, осындай сәтте басу айтылуы керек.
Біз елдік, мемлекетшілдік құндылықтарды бірінші кезекке шығара алмай келеміз. Ел болған соң телі мен тентек болмай тұрмайды. Тезге салатын кім? Мемлекет! Дауласуға болады. Айтысайық. Тартысайық. Қызыл кеңірдек болып, өз пікірімізді дәлелдеуге тырысайық. Тіпті жағаласайық... Жауласуға болмайды! Жағалассақ та жаға жыртысуға, оның артынан адам өлтіруге болмайды. Айтысып, тартысып, келіп-келіп қай жерде тоқтауымыз керек? Мемлекет деген жерде! Қазақ мемлекеті болмаса – біз кімбіз? Кімге сөзіміз жүргендей? Кімге басымызды көтеріп, кімге тура қарай алғандаймыз? Еңсемізді осы ел – өз мемлекетіміз үшін көтеріп жүрген жоқпыз ба?, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Ол мемлекет басшысының жанжалды реттеуге сергек қарағанын айтып өтті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекет басшысы ретінде жанжалды реттеуге, жағдайды бақылауға алуға өте сергек қарады. Тез реакция жасады. Әуелі Twitter-де пікірін білдірді. Сосын мәлімдеме жасады. Үкімет құрамынан арнайы комиссия құрды. Ел елеңдеп отыр. Намысын таптатқысы келмейді. Түсінеміз. Кінәлілерді анықтау, қылмыс жасағандарды жазалау, жағдайды тұрақтандыру сол комиссия құзырында болар. Біржақты болудан сақ болсақ екен, - дейді сенатор.
Оның пікірінше, әділеттілік болмаған жерде әлеуметтік қайшылықтар туындай береді.
Түсіністік болу үшін не істейміз? Қандай амал қыламыз? Мемлекет деген ұғымды басты басымдыққа айналдыру үшін не жасаймыз? Қазір кез келгеніміз өзімізге "Қазақстан маған қымбат па?" деген сұрақ қойып көрсек. Қымбат дейтініміз даусыз. Қымбат бір затыңызды жоғалтып алсаңыз не болады? Жан-жағыңызға алақтайсыз. Сипалана бересіз. Қайта-қайта қарағыштайсыз. Әйтеуір, жаныңыз байыз таппайды. Қазір бәріміздің басымызда сондай жағдай тұрған сияқты. Бәріміз үшін ең қымбат құндылық – Қазақ елін, қазақ мемлекеттілігін жоғалтып алмауды ойласақ. Осы қаперде тұрса! Айналамыздағы мысықтілеу мемлекеттердің ойыншығына айналып кетпеудің амалын жасасақ. Бір мезет бәріміз тоқтасақ. Ойлансақ. Ары қарай қалай болады? Қираған дүние-мүлік қалпына келер. Алаң көңіл басылар. Тыныштық орнар. Төгілген қанның өтеуі қайтсе табылады? Тыныштықтың керегі жоқ па бізге? Дүрдараз қауым қайта жараса ма? Әлде ырың-жырың жалғаса бере ме? Береке мен бірлік – Мемлекеттің мемлекеттік тілінде! Бір тілде сөйлейтін, бір тілде түсінісетін қоғамды орнықтыра алмасақ, Абай айтқан "бас-басына би болған өңкей қиқым" деңгейінен аса алмаймыз. Қазақ – төзімді, шыдамды ұлт. Талай қиындыққа шыдадық. Намыстан жаралған халықпыз. Ендігі таңда елдік намыс жолында болайық! "Жалқау қазақ, бейқам қазақ, епсіз қазақ" деген сөз келтірмейік! "Жауыз қазақ" деген жаман атқа қалмайық! Бірінші кезекте әр қазақтың баласы өз отбасын дұрыстауға ұмтылса деймін: ұлың бетімен кетпесін, қызың шектен шықпасын, үлкеннің сөзі аяқ астында қалмасын; мынау жалпақ елді толтыратын ұрпақ жалғассын, солардың дені сау, білімді, иманды болып өсуін қадағаласын; әр әулет тіршілік көзін – кәсібін, нәсібін тек еңбектен тапсын; атқа мінген азаматтарды аяқтан шалудан, айтаққа еруден, қызылкөз қызғаныштан, дабыра мен даңғазадан, ысырап пен қанағатсыздықтан сақ болсақ! Бір-бірімізге тек "болсын" дейікші! Қап-қоржынымызға береке толсын дейікші! Бір кезде "Қазақ қазаққа болыспаса, сол қайғы" деген мақала жазып едім. Мынадай сабырдың суы сарқылып, абыр-дабырдың ахуалы орнығып тұрған шақта сол сөзімді тағы да қайталағым келеді. Өзімізді елдің қоры деп сезінбейік. Өзімізді елдің зоры деп те сезінбейік. Қазақ болайық!, - деп атап өтті ол.