Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан-Түркия» достық тобының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов жақында Түркияға арнайы іс-сапармен барып қайтты.Сапар барысында Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінде кездесулер өткізіп, рухани-мәдени байланыстарды тереңдету мәселелері талқыланды.
Әсіресе, Түркияның заманауи кітапханалар жүйесі ерекше назар аударған. Біз депутат мырзамен осы бағыттағы ой-пікірін ортаға салған едік.
— Нұрсұлтан Төленұлы, Түркияға іс-сапар барысында кітапханалар жүйесімен танысқандарыңызды айттыңыз. Жалпы, бұл сапардың басты мақсаты қандай болды?
— Басты мақсат – Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету. Сонымен қатар, рухани-мәдени байланыстарды нығайту, адами капиталды дамытудағы тәжірибелерін зерделеу болды. Соңғы уақытта Қазақстан адами капиталдың сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бұл бағытта кітапханалардың рөлі зор. Осы орайда, Түркияның кітапхана жүйесінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуды жөн санадық.
— Анкарадағы Президенттік Ұлт кітапханасына арнайы барған екенсіздер. Бұл кітапхана несімен ерекшеленді?
— Бұл кітапхана Түркияның ең ірі әрі заманауи кітапханасы саналады. 2020 жылы ашылған мәдениет ордасы аптасына 7 күн, тәулік бойы жұмыс істейді. Бір мезетте 5 мың адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 4 миллионнан астам баспа кітап, 120 миллион электронды материал және 550 мың электронды кітап пен сирек қолжазба бар. Ең бастысы – кітапхананың атмосферасы ерекше. Кітапхана тек оқу орны емес, заманауи технологиялар арқылы білімге қолжетімділік беретін орталыққа айналған. Жасанды интеллект, Big Data, 3D принтерлер мен VR/AR технологиялары кеңінен қолданылатыны қызықтырды.
— Қазақстанда да осындай форматтағы кітапханалар қажет деп санайсыз ба?
— Әрине, қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Алматыда заманауи кітапханалар салу туралы тапсырма бергені белгілі. Бұл кітапханалар дәстүрлі оқырман орталықтарынан өзгеше, жаңа форматта болуы тиіс. Олар тек кітап сақтайтын орын емес, технологиялық-инновациялық орталыққа айналуы керек. Жоғары жылдамдықты интернет, Big Data, жасанды интеллект негізінде автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған кітапханалар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады.
— Президент «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жоба қандай болуы керек деп ойлайсыз?
— «Балалар кітапханасы» әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, жаңа технологиялармен жабдықталуы керек. Біз Хельсинкидегі «Ооди» кітапханасын, Шанхай кітапханасындағы жасанды интеллект жүйесін, Доха метрополитен кітапханасының цифрлық мұрағаттарын зерттедік. Осы үлгілерді негізге ала отырып, балалар кітапханасын тек оқу орталығы емес, шығармашылық, ойын және ғылыми-зерттеу алаңына айналдыруымыз қажет. VR, AR, робототехника, кодтау курстары сынды бағыттар қамтылса, балалардың кітапханаға қызығушылығы артары сөзсіз.
— Қазір әлеуметтік желілер жас буынның уақытын көп алатыны белгілі. Оларды кітап оқуға қалай ынталандыруға болады?
— Бұл – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту маңызды міндет екенін айтты. Әлеуметтік желілердің ықпалын азайту үшін кітапханаларда геймерлік алаңдар, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект курстары ұйымдастырылып, балаларды қызықтыратын бағдарламалар ұсыну қажет. Сондай-ақ, заманауи кітапханаларда жайлы кафе, демалыс орындары мен еркін шығармашылық алаңдары болса, жастардың кітапқа деген қызығушылығы артады.
— Сіз үшін кітаптың орны қандай?
— Кітап – рухани азық. Максим Горькийдің «Егер мен байысам, тек қана кітап сатып алар едім» деген сөзі бар. Ал Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген еді. Шынында, кітап оқитын ұлт – білімді, ойлы әрі саналы болады. Сондықтан жастарды кітап оқуға баулу – біздің басты міндетіміз.
— Сұхбатыңызға рақмет!
P.S. Бұл сұхбатта депутат Нұрсұлтан Байтілесов заманауи кітапханалар тек кітап сақтау орны ғана емес, жастардың шығармашылық әлеуетін ашатын технологиялық орталық болуы керек деген пікірін білдірді. Қазақстанда адами капиталды дамыту бағытында Түркия тәжірибесі үлгі ретінде қарастырылады.