Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 ақпаннан бастап Ресей Федерациясында өндірілген «Sputnik V» вакцинасымен Қазақстан халқын коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау басталған еді.
Вакцинаны алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният алды.
Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Вакциналанатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмегенін айтады.
Елімізде ақпан айынан басталған коронавирус індетіне қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін екпе салдырғандар саны республика бойынша 11 мыңнан асты. Ең алғаш болып вакцина алғандар қатарында – инфекциялық стационарлар, жедел жәрдем қызметкерлері, сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық ұйымдарда қызмет етіп жүрген мамандар бар. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ. Алайда, екпе алғандар арасында вакцинаның күтілетін жанама әсерлері бар адамдар тіркеліп жатыр. Ол қалыпты реакциялар, яғни, вакцина салдырған жердің ісінуі, қызаруы, жалпы реакцияларға жататын дене температурасының көтерілуі, тұмау симптомдары немесе буындардың ауыруы сияқты нұсқаулыққа сәйкес белгілер. Бірақ, бұлардың барлығы қауіпті жағдайға жатпайды, көбіне 2-3 күнде денсаулық қалпына келеді, - деді ол.
Басқарма басшысы «Спутник V» вакцинасының тиімділігі жайында да ойын білдірді.
Елімізде қолданылып жатқан «Спутник V» вакцинасының тиімділігін дәлелдейтін тағы бір жайт – медициналық «The Lancet» журналында жарияланған ақпарат. Осы ақпаратқа сәйкес бұл вакцина медицина саласында жаңалық болғаны дәлелденіп отыр. Жалпы, пандемия салған тығырықтан шығудың бір жолы – вакцина деген ойдамын. Яғни коронавирусқа қарсы вакцинация – қалыпты өмірге оралуға жол ашатын мүмкіндік, - дейді ол.
Маман кейбір адамдардың вакцинаның қауіпсіздігіне сенбейтіндігін оның мейлінше аз уақытта жасалып шыққанымен байланыстырады.
Коронавирусқа қарсы вакцина халыққа жақында ғана ұсынылғандықтан, ел арасында вакцинаның қауіпсіздігіне, тиімділігіне сенбейтіндер бар. Әрине, біз медицина қауымдастығы тарапынан ақпараттық түсіндірме жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Себебі әрбір адамға өзінің, жақындарының денсаулығын қорғауда вакцинацияның маңызы зор екенін жеткізу қажет. Сондықтан бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бір айта кететін мәселе – вакцинацияға қарсылармен қатар, екпе салу шараларына оң көзқарастағылардан Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына, қызметтік телефондарға «біздің де екпе салдырғымыз келеді» деген хабарламалар көптеп түсуде. Вакцинаның қауіпсіздігіне сенбейтіндерге қарағанда, сенетіндер көп, - дейді ол.