Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Ерекше білім алуды қажет ететін балалары бар отбасыларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету» тақырыбында Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары Дидар Қалиев брифинг өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1981 жылы стационарлық үлгіде 3 жастан 18 жасқа дейінгі «Ақыл-есі кем балаларға арналған балалар үйі» болып ашылған. Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие, әр түрлі формадағы эпилепсия, хромосомалық аурулар, аутизм, олигофрения сөйлеудің ауыр бұзылуларымен және психикалық бұзылыстармен үйлескен «церебральды сал ауруы» бар психикалық дамуы тежелген балаларға стационарлық және жартылай стационарда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған. Баланың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтенуіне, потенциалды дамуына қолайлы, жан-жақты жағдай жасау. Оңалту және дене бітімінің кемшіліктерін емдеу, қалпына келтіру, түзету.
Мекеменің тәрбиеленушілері жасына, жынысына және сырқат деңгейіне сәйкес топтарға бөлінген. Топтардың нормаға сәйкес жинақталуы мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес. Мекемеде арнайы 8 (сегіз) әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мекемеде дефектолог, психолог, логопед, ән және дене шынықтыру мұғалімі, еңбек нұсқаушысы, бейнелеу мұғалімі, ЛФК нұсқаушысы бар. Осы уақытта мекемеде 15 тәрбиеленушілерге және 10 отбасыға психологиялық көмек көрсетілді.
2023 жылдың 22 мамыр айындағы жағдай бойынша мекемеде ілеспе аурулары бар жеңіл, орташа, ауыр және терең психикалық дамуы тежелген 285 бала бар.
Манас көшесі 19 мекенжайында орналасқан №1 ғимаратта тұрақты тұратын стационарлық бөлімнің тәрбиеленушілері, қазіргі уақытта 117 тәрбиеленуші бар.
Жансүгіров 12/5 мекенжайында орналасқан 2 қабатты № 2 ғимарат күндіз келіп кететін 18 жасқа дейінгі балаларға арналып, 2016 жылы ашылды. Жалпы 69 балаға қызмет көрсетіледі.
2018 жылы жастар мен жасөспірімдерге арналған №3 ғимарат ашылды. Мұнда ең маңызды міндет - кәсіпке дейінгі еңбекке дайындық, қазіргі уақытта 99 қызмет алушы бар.
Мекемеде жоспар бойынша ата-аналардың белсенділіктерін арттыру, олардың назарын балалармен жүргізілетін түзету жұмысының міндетін іске асыру мақсатында «Біз бақытты баламыз» фотоколлаж көрмесі ұйымдастырылды, «Көңіл күй - ажары», «Отбасы», «Отбасы- бақыт мекені» атты тренингтері, «Толағай…» ата-аналарымен спорттық сайыс және «Казанат» иппродомы, «Достық арена» футбол аренасы, Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы, «Аватария» ойын-сауықтыру орталығына апта сайын апарылады.