Биыл 8 мың отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында баспаналы болды

25 Желтоқсан 2019, 14:01
2200
Бөлісу:
Биыл 8 мың отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында баспаналы болды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі" әрбір алтыншы несиені "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде берді. 

"Бақытты отбасы" бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеген отбасылар "Нұрлы жер" бойынша баспаналы болды. Бұл туралы Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бүгін өткен брифинг кезінде айтты.

Сонымен қатар, ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 2019 жылы өз депозиттерінде рекордтық 771,2 мрд теңге көлемінде қаражат жинағанын айтты.

Банк клиенттері тұрғын үйдің бастапқы жарнасына қажетті қаражатты жинақтай отырып, болашақ баспаналарын жылдық 2-8,5% мөлшерлемемен несиеге ала алады. Биыл осы мүмкіндікті 48 414 қазақстандық отбасы пайдаланды. Күн сайын банктің көмегімен кемінде 160 салымшы қоныс тойын атап өтуде, - деді ол. 

Оның айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиелік портфелі 1 трлн теңгені құрайды. Бұған қоса, банк салымшылары депозиттеріне тұрақты түрде қаражат жинақтауда. Бұған төменгі деңгейдегі, яғни 0,18%-ға тең NPL дәлел (90 күннен асқан мерзімі өткен займдар). 8%-дық орташа банктік деңгеймен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш.

Сөз арасында, ол биылдан бастап "Бақытты отбасы" бағдарламасы іске қосылып, құжат тапсырғандардың алғашқы легі қоныс тойын тойлап үлгергенін жеткізді. 

Қазіргі сәтте "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 4 053 отбасы қоныс тойын атап өтті. Бұдан бөлек, тағы 736 отбасы өтінімдері бойынша оң шешім алды. Қазір олар өздеріне лайықты үйлерді іздестіру үстінде. Яғни, енді мыңдаған кішкентай бүлдіршін жалдамалы пәтерде емес, өз үйлерінде тұратын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарлама бойынша берілетін үйді 8 мыңға дейін көтеруге тапсырма берді. Яғни, ендігі жылдан бастап, бұл бағдарламамен берілетін үйлер саны екі есеге ұлғаяды, - деді Ләззат Ибрагимова.

Ал, "Бақытты отбасы" бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеген отбасылар "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алған. Жалпы, аталған бағыт бойынша 2019 жылы 8000 отбасы баспаналы болып, оларға пәтер кілті табысталыпты. 

Сондай-ақ, ол банк 2019 жылы "Әскери баспана" тұрғын үй бағдарламасының жаңартылған шарттары бойынша әскери қызметкерлерге арнап 3 811 займ бергенін жеткізді. 

Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз жобасы. Оған бюджеттен еш қаражат бөлінбеді. Банк шамамен 100 млрд теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қаражатын пайдаланды. Осылайша, екі жылдың ішінде 6 592 әскери қызметкер баспаналы болды, - деді Ибрагимова. 

Қазіргі кезде банкте болашақ баспаналары үшін 1,5 млн қазақстандық қаражат жинақтауда екен. Олардың 384 242-і биыл ашылған депозит.

Өзгелердің жаңалығы