Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Тяньцзиньнен.
Ол саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Қытай тарапы мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.
Ермекбаевтың айтуынша, Қытайдың төрағалығы ШЫҰ дамуының маңызды кезеңіне айналды. Ұйым қызметі мен оны жетілдіру шаралары Баяндама жобасында толық көрініс тапқан.
Есепті кезеңде халықаралық маңызды оқиғаларға жедел әрекет ету үшін Ұйым атынан алты бірлескен мәлімдеме жарияланды. Бұл құжаттар ШЫҰ елдерінде де, оның аумағынан тыс жерлерде де кең қолдау тапты, – деді Бас хатшы.
Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, Секретариат ШЫҰ қызметін жаңғырту жұмысына белсене қатысып отыр. Қазіргі басты бағыттар:
- мемлекет басшылары ұсынған бастамаларды барынша іске асыру;
- салалық министрліктердің кездесулерінен нақты нәтиже алу.
Сонымен қатар Қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы әрекет етудің әмбебап орталығы және Есірткіге қарсы орталық құру жұмысы аяқталуға жақын.
Бас хатшы ШЫҰ-ның экономикалық әлеуетін толық ашу қажет екенін атап өтті.
Дүниежүзілік банк дерегінше, 2024 жылы ШЫҰ кеңістігіндегі орташа экономикалық өсім әлемдік көрсеткіштен екі есе жоғары болды. Өзара тауар айналымы артып, ұйымға мүше мемлекеттерге инвестициялар ағынының 30–50%-ы тиесілі.
Сауда рәсімдерін жеңілдету, тартымды жағдайлар мен преференциялар әзірлеу, сондай-ақ пәрменді қаржы институтын құру ынтымақтастыққа жаңа серпін береді, – деді Ермекбаев.
Әлемдегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аясында ШЫҰ ішінде арнайы көмек қоры мен Су мәселелері жөніндегі орталық құру ұсыныстары өзекті екенін жеткізді.
Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, ШЫҰ өзінің 25 жылдық мерейтойын ірі әрі беделді трансөңірлік бірлестік мәртебесінде қарсы алмақ. Осыған орай, мазмұнды іс-шаралар жоспары әзірленуде.
Секретариат Қырғыз Республикасының төрағалығына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Бүгін қабылданатын шешімдер ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Секретариат мемлекет басшыларының шешімдері мен ұсыныстарын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады, – деп түйіндеді Ермекбаев.