Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ұсынылған үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Қосшы қаласына сайлауалды науқанмен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қосшы өткен жылы қала мәртебесін алды. Бүгінде мұнда 65 мыңға жуық адам тұрады. Десе де, елді мекенде шешімін таппай жүрген бірқатар мәселе бар. Жергілікті жылыту қазандығы көңіл көншітпейді, тұрғын үй мен бизнес нысандарын электрлендіруге қатысты мәселелер бар, жол жағдайына келер болсақ – орталық көшелердің өзі жөндеуді талап етеді.
Сапар барысында Нұрлан Әуесбаев Қосшы көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындармен сөйлесті. Президенттікке үміткер атап өткендей, қалада бір жыл ішінде мәселелер көбеймесе, азаймаған.
Үміткердің пікірінше, қиындықтардың басты себебі жүйелі жұмыстың жүргізілмеуінде және шенеуніктердің немқұрайлылық танытуында.
Кейін президенттікке үміткер қалалық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізіп, халықты мемлекетті басқарудың парламенттік-президенттік нысанына көшуді жеделдетуді ұсынатын өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Үміткердің пікірінше, Парламентті күшейту, Сенатты тарату және сол арқылы мәжілісмендердің санын көбейту керек. Одан бөлек мәжіліс құрамының 50%-ын бір мандаттық округтардан құру қажет. Бұл, Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, нағыз халықтық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және осының арқасында инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаражат нысаналы мақсатқа жұмсалатын болады.