Ресми деректерге сәйкес, өз баласын ұрып-соқты деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі («Азаптау») бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған баптың санкциясы төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу кезеңінде сот күдіктіні қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сот сараптамалары, оның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы әзірге дайын емес. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау таңдалды. Процессуалдық шешім сараптамалар нәтижелері алынғаннан және тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданады, – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.
Айта кетейік, 4 жастағы баланы азаптау дерегі Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде орын алған.
Сәбиге жасалған зорлық-зомбылық сәті видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде тарады. Бұл оқиға қоғамда кең резонанс тудырды.
Әкімдік мәліметінше, бейнежазбаға түскен әйел 2020 жылдан бері заңды некеде тұр. Сонымен қатар оның психиатриялық диспансерде арнайы есепте тұрғаны да анықталған.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы – «Көрінеу кәмелетке толмағанды немесе дәрменсіз күйде екені белгілі адамды азаптау» бойынша айып тағылып отыр. Заңға сәйкес, оған 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ Панфилов аудандық әкімдігінде жас әйелді ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқаны хабарланды.
Бұған дейін Жаркентте 28 жастағы анасы өз баласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталған оқиға әлеуметтік желіде тез тарап, резонанс тудырды.
Жетісу облысының Полиция департаменті кішкентай баласын соққылап, тепкілеп, қолынан тартып, бұрап, аяусыз ұрып-соққан ана қамалғанын хабарлады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы факті бойынша пікір білдірді.