Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева елдегі бейпартиялық байқаушылар білікті жұмысын көрсете білгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы қоғамдық институт ретінде осы сайлауда Қазақстан Азаматтық альянсы мен ҚР Кәсіподақ федерациясының, 130-ға тарта ҮЕҰ-ның ресурсын біріктірді. Елдегі барлық дерлік сайлау учаскесінде 20 мыңға тарта байқаушымыз жұмыс істеді. Ең алдымен, осы жолғы сайлау электораттың айрықша атсалысуымен ерекшеленеді. Эпидемиологиялық ахуалға, аязға қарамастан халық сайлауға келді. Бұл - қуантарлық жағдай, - деді Бану Нұрғазиева Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Орталық басшысы Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының тренингтері мен семинарлары оң нәтижесін бергенін атап өтті.
Біздің байқаушыларымыздың бәрі біліктілікпен жұмыс істеді. Елдегі барлық сайлау учаскесімен кері байланыс жолға қойылып, біз жергілікті жерде қаншалықты үйлесімді жұмыс істеуге болатынына көз жеткіздік. Яғни, байқаушылар заңбұзушылықтарды уақытында анықтап, ол туралы сайлау учаскелерінің жетекшілеріне хабар берді. Қолынан келгенше сол кемшіліктерді ретке келтірді, - деді ол.
Бану Нұрғазиева бейпартиялық байқаушылар аймақтарда тіркелген провакациялық сипаттағы әрекеттерге заң аясында жауап қатқанын айтады.
Біздің байқаушылар сабырмен оларға жауап беріп, орталыққа жеткізді. Заңбұзушылықтар болды. Көбі - техникалық сипаттағы қателіктер. Жергілікті жерде бірден ретке келтірілмеген заңбұзушылықтар бойынша бірден акт толтырылып, ол құжаттар бізге келіп жетті. Біздің бағалауымызша, жалпы елде сайлау жақсы өтті деген ойдамыз, бәріміз конструктивті тұрғыда жұмыс жүргіздік. Аса бір ауқымды заңбұзушылықтар болған жоқ. Ең бастысы, байқаушыларымыздың атқарған шаралары заңнама аясында болды, - деді ол.