Нұр-Сұлтан, Тәуелсіздік сарайы, BAQ.KZ тілшілері Рахиля Бекназарқызы, Қымбат Елтайқызы.
Бүгін, 23 сәуір күні - Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезі. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.
Партияның XVIII съезі биыл 27 ақпан күні өткен болатын. Оның қорытындысы ретінде - партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданған еді. Бүгінгі XIX съезд соңғы кездегі еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға - Президент сайлауына тікелей байланысты. Кеше өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында XIX съезде - партия атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселе көтерілген болатын.
ЖАҢАРТУ
Кулуардан.
Жақсылық Үшкемпіров:
- Әрине, бүгін тарихи күн болды, Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат етіп сайладық. Енді маусымның тоғызы күні үлкен жиында бәріміз соған дауыс береміз деп уәделестік. Мұндай азаматымызды қолдауымыз керек. Қазақтың біртуар ұлы деп айтуға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлын бәріміз де қолдаймыз. Неге десеңіздер, оның өткен өмір жолының бәрі бізге мәлім, елімізге еңбегі сіңген азамат.
13:18 - Съезден барлығы 196 журналист ақпарат таратты.
12:56 - Назарбаев пен Тоқаев та әнге қосылды. Елбасы көзіне жас алып, съезге қатысушылар Тұңғыш Президентті қошеметпен шығарып салды.
12:55 - Съезд аяқталды. Назарбаев, Тоқаев пен съезге қатысушылар «Елім менің» әнін орындап тұр.
12:53 - Елбасы сөзін аяқтаған соң, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алып, қолдау көрсетті.
12:52 - Назарбаев:
- Бүгін кандидат ретінде Тоқаевты ұсынып отырмыз, бірақ қайтып мені ұсынып отырғандай күйдеміз (күлді).
12:52 - Назарбаев:
- Барлығымыз Тоқаевты бірауыздан қолдайық, сайлайық.
12:51 - Назарбаев:
- Егер мен осы уақытқа дейін сенімге жауап бере отырып, міндетімді орындаған болсам, бақытты адаммын. егер мен осындай шешім қабылдаған болсам, жайдан-жай емес. Қаншама рет ойландым, бір күнде шешім қабылдамадым.
12:45 - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
- Бәріміз бірлік үшін жұмыс істейміз.
Тұңғыш президент баршаға зор денсаулық пен елімізге өркендеу тіледі. Осы үшін аянбай еңбектену керек деді.
12:43 - Нұрсұлтан Назарбаев:
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
12:42 - Мәулен Әшімбаев Партия жарғысына сәйкес ҚР Президенттігіне үміткерлікке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Съезге жиналғандар дауыс берді. Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезіне қатысушылар дауыс беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидаттығын бірауыздан қолдады.
- Құрметті партияластар, бүгінгі съезге Нұрсұлтан Назарбаев партия жарғысына сәйкес ҚР президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Жарыссөзге қатысқан съезд делегаттары өз тарапынан партия Төрағасын толық қолдады. Қазір ҚР президенттігіне үміткерді ұсыну бойынша шешім қабылдау керек. Қаулы мәтінін оқып берейін. ҚР Сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, Nur Otan партиясы қоғамдық кеңесінің XIX съезі қаулы етеді: Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынылсын. Осы мәселені дауысқа саламыз, кім осы ұсынысты қолдайды? Кім қарсы? Қарсы болғандар жоқ. Nur Otan партиясының XIX съезінің шешімімен Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынылады.
12:33 - Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды мен аса мәртебелі, қасиетті парыз деп санаймын.
...Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын.
12:32 - Сөз Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.
12:20 - Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы:
12:16 - Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова өңіріндегі медициналық жетістіктерге тоқталды.
Айман Оспанова кезінде Назарбаев айтқан анекдотты айтып, Елбасы мен жиналған жұртты күлдірді. Ол «Құдай беген дәрігер, «Құдай үшін» деген дәрігер және «Құдай сақтасын» деген дәрігерлер болады» деді.
12:10 - Нұртөре Жүсіп:
- Мемлекет болып қалыптасудың ең қиын кезеңінен өттік. Осы жылдары БАҚ өкілдерінің де сіңірген еңбегі орасан зор.
Уақыт зымырап өтеді. Кешегі күн қандай, бүгінгі күн қандай. Қиын күндерден өттік. Осы жылдар аралағында ұлттық баспасөз қызметіміз қалыптасты. Ақиқатты жоқтаған, алты ауыз сөзге тоқтаған елміз. Осы орайда бір нәрсені баса айтқым келеді. Қазақтілді басылымдар тәуелсіздіктің жақтастары болды. Ақпарат саласының өкілдері халық және мемлекет алдындағы мақсат-міндетін біледі.
...Келешегіміз кемел, жетістігіміз жедел болсын!
12:08 - «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сөз сөйлеп жатыр.
12:07 - Келесі сөз кезегін "Силумун Восток" ЖШС директоры Зоя Новолодская жалғастырып, Совет үкіметі кезіндегі қиын жағдайларды еске алды. Ол Nur Otan партиясының президенттікке үміткері Қасым-Жомарт Тоқаевты толық қолдайтынын жеткізді.
12:03 - Съезге қатысып отырғандар қатарында Гүлшара Әбдіқалықова, Даниал Ахметов, Бердібек Сапарбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Бекболат Тілеухан, Жансейіт Түймебаев, Алик Шпекбаев пен басқа да тұлғалар бар.
11:55 - Съезде «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйлеп жатыр. Ол Қазақстанға шетелдік инвестициялар көп тартылып жатқанын айтты.
11:54 - Жақсылық Үшкемпіров: Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан қолдаймыз.
11:50 - Келесі сөз спорт ардагері, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жиналған жұрт Олимпиада чемпионына қошемет көрсетті.
11:47 - Ирина Аронова: Бүгін Қазақстанның көпұлтты халқы өз Елбасын қолдайды.
11:43 - Келесі сөз Мәжіліс депутаты Ирина Ароноваға берілді.
11:42 - Ноғаев: Елбасы - сіз әлем мойындаған саясаткерсіз... Президенттік өкілеттігіңізді тоқтатқан мәлімдемеңізді Атырау облысының тұрғындары алаңдаушылықпен қабылдағаны рас.
11:41 - Нұрлан Ноғаев: Еліміз мұнай өндіретін алпауыт елдердің қатарына кірді. Үш мұнай өңдеу зауытымыз бар.
11:35 - Әділ Ахметов: Қасым-Жомарт Кемелұлы қай салада болмасын, үлкен жауапкершілікпен көзге түскен. Оның биік парасатты президент болатынына сенімдімін.
11:33 - Сөз қоғам қайраткері Әділ Ахметовке берілді.
11:32 - Назарбаев: Алға, Nur Otan, алға, Қазақстан!
11:30 - Тұңғыш Президент сайлау науқаны мен сайлау кезінде заманауи жоғары технологияларды пайдалануды тапсырды.
11:29 - Съезд қатысушылары Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынғанда қол шапалақтап, қошемет білдірді.
11:28 - Елбасы елімізде сайлау науқаны жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
11:27 - Назарбаев: Nur Otan партиясы атынан баршаңызды Тоқаевты қолдауға шақырамын.
11:25 - Назарбаев: Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президентіне үміткер ретінде ұсынамын...
Назарбаев Тоқаев әлеуметтік салада көптеген жұмыс атқарғанын айтты. «Ол маған сенімді серік болды. Мен оған толық сенемін және оны лайықты азамат деп сенемін. Ол менен бір мүшел жас кіші».
11:24 - Назарбаев: Сайлауда халқымыз дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін.
11:21 - Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын одан әрі жалғастыратынын, қызметін белсенді түрде жүргізетінін айтты.
11:20 - Назарбаев: Елдің бұрынғы басшысы ретінде мені елімнің болашағы уайымдатады.
11:16 - Назарбаев: 30-ға жуық жыл бойы халық маған сенді. Қандай қиын кезең болмасын, халқым менің соңымнан ерді. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз.
11:12 - Бүгінгі күн тәртібінде Саяси кеңестің ұсынысы бойынша ҚР Президенттігіне үміткерді ұсыну мәселесін делегаттар бірауыздан қолдады.
11:06 - Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев съезді ашық деп жариялады. Қазір қатысушылар мемлекеттік әнұран орындап жатыр.
11:04 - Nur Otan партиясының кезектен тыс съезіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді.
11:02 - Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов:
- Түркістан облысынан 62 азамат келді. Бәрінің ниеті және алға қойған мақсаты жоғары. Nur Otan сөздің партиясы емес, істің партиясы. Президенттікке кім үміткер болуы мүмкін екенін білмейміз. Бірақ кімді ұсынса да, бір ауыздан қолдаймыз. Президенттікке лайықты азаматтар көп.
10:45 - Сенатор Бірғаным Әйтімова:
10:42 - BAQ.KZ: - Президенттікке кім үміткер болуы мүмкін?
10:04 - Жүрсін Ерман:
- Еліміздегі үлкен саяси оқиға. Съездің делегаты емеспін. Шақырылған қонақпын. Nur Otan билеуші партия ғой. «Нұр Отанның» дегені болады. Кімді ұсынса, сол болады деп ойлаймын. Елімізде демократиялық өзгерістер жоқ. Халықтың еркін, халықтың қалауымен шешілетін дәуірге жеткен жоқпыз. Сондықтан мен тосын оқиға болады деп ойламаймын.
09:44 - Әдеттегідей, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ерте жиналып жатыр. Олар жиынға таңғы сағат 8.00-ден келе бастады. Осы уақытқа дейін съезге 182 журналист келіп үлгерген, әлі де тілшілер болады деп күтілуде.