Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

17 Маусым 2021, 19:05
3115
Бөлісу:
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұйратау Ұлттық табиғи паркінде еру болған салт аттылар қатары тағы бір адаммен толықты. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясы ұйымдастырған 1000 шақырымға созылар тарихи сапарға елімізге белгілі спортшы, әлем чемпионы Айдар Махметов қосылды. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

Атқа міну, салт атпен алыс сапарға шығу біздің халықтың болмысына сіңген, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан дүние. Дегенмен қазіргі кезде ат мінуге құштар, бірақ міне алмайтын жерлестеріміз көп. Бұл сапарда салт аттылармен бірге Бұйратаудан Баянауыл ҰТП-қа қарасты Жасыбай көліне дейін баруды жоспарлап отырмын. «Ұлттық дүниелерімізді дәріптеу керек» деп ауызбен айтқаннан гөрі, іспен көрсеткен дұрыс деп ойлаймын. Өз уақытым мен мүмкіндігімнің болғанынша жігіттерге қолдау көрсетейін деп келдім, - дейді Айдар Махметов. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

Жолда Қызылтас ауылынан түстендік. Өлеңті өзені жылда арнасына сыймай жатушы еді, биыл тым орта. Жар соғып жатар жал-жал толқындары жоқ. Керісінше тайынша-торпақ салқындайтын сылбыр суға айналыпты. 

Өлеңтіден өткен соң бірден Әлкей Марғұлан ауылына тарттық. Жылда көріп жүрген таныс аймақ. Қарағанды облысының ең көлемді аудандарының бірі - Осакаровка ауданына қарасты қуаң адырлы ақселеу басқан құла түз. Алыс сапарда ат белін талдырып, адам көзін суырар нағыз қу медиен. Шілде шықпаса да, қарғаның миын қайнатар қапырық атты да, адамды да мүжіп келеді. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

Бұйратау ҰТП пен Әлкей Марғұлан ауылының арасы 58-60 шақырым. Күн ақшамға айналғанда келіп жеттік. Ауыл ағасы, кәсіпкер Жанат Ыбыраев қарсы алды. 

Әлкей Марғұлан ауылы жайлы бұған дейін де «Ұядай мұражай» атты жолжазба жазған едік. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Қатарымыз толықты

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін жалғасатын тұңғыш атты тур бүгінгі күні жолдың үштен бір бөлігін жүрді. Сапардың ақпараттық демеушісі - BAQ.KZ ақпарат агенттігі.


Өзгелердің жаңалығы