Нұр-Сұлтанда тәлімгер клубы жұмысын бастады

30 Тамыз 2021, 17:50
9459
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда тәлімгер клубы жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтандық жетімдер үшін тәлімгер клубы жұмысын бастады.
  

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Интернаттан кейінгі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы аясында, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы филалының ұйымдастыруымен жетім балаларға арналған тәлімгер клубы өз жұмысын бастады.

Тәлімгер клубы жастарға тың идеялар беріп, өзіне тән өмір дағдысын қалыптастыра алатын, мейірімге мұқтаж жастарды құшағына бөлеп, жол сілтеуге бастамашы болатын көшбасшы, іскер, тәжірибелі мамандардан құралған клуб ету.

Жоба жоспарына сай, тәлімгерлік ету әзірге тегін. Тәлімгерлер кеңесіне, көмегіне «Балалар үйінің» түлектері, тіпті көптеген жас мұқтаж екендігі анықталды. Жастардың, соның ішінде интернаттан кейінгі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар өз бетінше өмір сүруге, ізденуге бейім емес. Мұның себептері: психологиялық тосқауыл, ата-ана, туыстық мейірімнің жоқтығы.

Аталған клубтың мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кәмелеттік жасқа толуына байланысты балалар үйлерінің түлектері болып табылатын 14-29 жас аралығындағы жастардың баспанамен қамтылуы, оқу, тұрмыстық жағдайы, отбасылық, денсаулық мәселелерін шешу жолында қолдау көрсету, оларды өмірге бейімдеу.

Тәлімгерлік отырыстар ай сайын 2 рет оффлайн немесе онлайн түрде өткізіледі. Әр отырыста клуб мүшелері белгілі бір тақырыпты талқылайды. Әр тәлімгердің Qushaq.kz сайты ұйымының ұсынысымен өз құшағына алған бір адамы болады.

Отырыс форматы жанды байланыс, диалог құру және ситуациялық сұрақ-жауаптар және басқа ойындарды қамтиды.

Аталған жобаның бір артықшылығы – қамкөңіл жастардың өмір сүруге бейімделуі және жетімін жылатпаған ата дәстүріміздің үлгісін көрсетіп, ана мен әкенің, аға мен әпкенің жүрек сөзін есітіп, мейірім мектебінен өткізуге ниет білдіретін азаматтардың артуы.
Отырыс есебінде қатысушылар алғаш танысып, құшағына алған жастар туралы ақпараттар жарияланды. Тәлімгер клубының әрбір келуші мүшесі кем дегенде бір балаға оффлайн-онлайн уақыт бөліп, жүрек жылуымен көмек береді.

Тәлімгер клубы өзінің өміршеңдігін дәлелдей алады және жастар үшін де, қоғам үшін де тиімді болмақ. Алдағы уақытта көлемі қазіргіден де үлкейіп, ел бойынша жұмыс істейтін ірі орталыққа айналмақ.

Өзгелердің жаңалығы