Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заң бұзушылықтар туралы материалдар тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы басшысы Мадияр Айтуғановтың айтуынша, соңғы тәулікте Нұр-Сұлтанда карантин тәртібін бұзған 60 жағдай анықталған.
Тәртіп сақшылары, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері карантин режимін бұзғандарды анықтау бойынша рейд жүргізуде. Соңғы тәулікте елордада мобильді топтар карантин тәртібі бұзылғанын анықтады. Оның ішінде маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша міндетті талаптар сақталмаған 42 жағдай және тыйым салынған уақытта жұмыс істеген 18 кәсіпкер анықталды, – дейді Айтуғанов.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, заң бұзу туралы материалдар Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне тапсырылған. Елордада 16 мониторингтік мобильді топ жұмыс істейді. Олар ойын-сауық орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына, сауна, монша, аттракциондарға барып, тексеріс жүргізеді. Сонымен қатар, бүгін елордада мониторингтік топ Ботаникалық бақта азаматтарға санитарлық талаптар мен ережелерді сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Егер азамат ережеге әдейі бағынбайтын болса немесе сол заң бұзушылық бойынша қайта ұсталса, тиісті хаттама толтырылады. Азаматтардың көпшілігі түсіндіру жұмыстарын дұрыс қабылдап жатыр. Бірақ бұл іс-шаралар өздерінің қауіпсіздігі үшін өткізіліп жатқанын түсінбейтіндер де бар, - дейді Айтуғанов.
Карантин режимін сақтамаған жағдайда жеке тұлғаларға 30 АЕК (83 340 теңге), заңды тұлғаларға 230 АЕК (638 940 теңге) көлемінде айыппұл салынатын болады.