Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда жедел медициналық жәрдем қызметі үшін «Қолжетімді аула» жобасы енгізілді. Бұл қалалық жедел жәрдем станциясының санитарлық автокөліктеріне шлагбаумдар орнатылған тұрғын үй кешендерінің аулаларына кіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әмбебап пульт және қашықтан басқару көмегімен «103» қызметі шлагбаум механизмін өздігінен басқара алады. «Қолжетімді аула» жобасы әзірге Есіл ауданына ғана енгізілді. Бұл технология «Smart city» компаниясымен бірлесіп, Денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында енгізілді.
Шлагбаумдарды орнату салдарынан жедел жәрдем тұрғын үй кешендерінің аулаларына кіре алмай, қиындыққа тап болады. Елордада осындай 100-ден астам «проблемалы» аула бар. Бұл шектеулер пациенттерге уақтылы жедел медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің бригадалары шлагбаумның алдына келген соң құрал-жабдықтарын көтеріп, кіреберіске жаяу жетуіне тура келеді. Бұл тек жедел медициналық көмек қызметі үшін ғана емес, басқа да шұғыл қызметтер үшін де проблема болып есептеледі, сондай-ақ науқасқа уақытылы көмек көрсетуге де кедергі келтіреді, - деп атап өтті қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев.
Ол өз сөзінде бұл жоба осы жылдың 12 наурызында пилоттық режимде іске асырылғанын атап өтті. Оң нәтиже көрсеткен соң тұрақты түрде сәтті енгізілді.
Бүгінгі таңда жобамен Есіл ауданының 19 ауласы қамтылды. Жобаның ерекшелігі шлагбаумдар жүйесін бірнеше жолмен басқаруға болатындығында:
1. Қашықтан кәсіпорын диспетчері. Осы жүйе орнатылған шлагбаумдарда диспетчер оны мекенжайға келген бригаданың сұрауы бойынша жеке кабинет арқылы ашады;
2. Мобильді қосымшаның көмегімен;
3. Жедел жәрдем бригадасында бар пульттің көмегімен.
Бұл технологияны қаланың басқа аудандарында да енгізу жоспарланып отыр.