Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында волонтерлер ұлттық халық санағы процесіне белсенді араласып жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Волонтер болғаныма бір ай болды. Өз өміріме өзгеріс енгізіп, айналама көмектесу үшін еріктілер тобына қосылғанмын. Қазір халық санағы бойынша қала тұрғындарына буклеттер таратып жүрміз. Сол сияқты тұрғын үй кешендерін аралаймыз, - деді «Астана жастары» КММ волонтері Асылайым Жолтай.Еріктілердің бұл жұмысы халық санағы процесін жылдамдатуға септігін тигізері сөзсіз.
Волонтерлер халық санағы бойынша ақпараттық буклеттер таратып жүр. Осылайша қала тұрғындарына халық санағы бойынша тіркеуге тұру, кіру жөнінде ақпараттық көмек көрсетіп жатырмыз. Тұрғын үйлердегі пошта жәшіктеріне де осындай ақпараттық буклеттер саламыз. Халық санағына шамамен 50-ге тарта ерікті араласып жүр, - деді «Астана жастары» КММ маманы Дамир Айтымов.Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда 1 қазаннан бастап ұлттық халық санағы аясында интервьюерлердің үйлерді жаппай аралауы басталды. Бұл еліміз тәуелсіздік алған сәттен бері өтіп жатқан үшінші халық санағы. Биыл алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылуда.
Дәстүрлі жаппай үй-үйді аралау кезеңінде бұрын онлайн-санақтан өткен респонденттер екінші рет қайта жазылмайды. Олар интервьюерге санақ өткендігі туралы бұрын алынған SMS-хабарламаны немесе электрондық хабарламаны көрсетуі тиіс.