Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Taza Alem-2021 жобасы экологиялық сенбіліктен басталды. Қорғалжын тас жолы бойына 50-ден астам көшет егілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
TazaAlem мәдени-бұқаралық жобасы Нұр-Сұлтан әкімдігі мен әкімдіктің «Астана жастары» КММ бастамасымен құрылған.
Біз биыл TazaAlem жобасы аясында мұқтаж адамдарға, зейнеткерлерге, ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне көмектесуді жоспарлап отырмыз. Қыста аулаларды қардан тазалап, жазда жөндеу жұмыстарына көмектесеміз. Былайша айтқанда, волонтерлікпен айналысамыз. Біз сондай-ақ шетелде кең тараған сенбіліктің ерекше форматы – плоггингті енгіздік. Оны «спорт пен сенбілік» деген сөз тіркесімен сипаттауға болады. Осындай форматтың арқасында әдеттегі қоқыс жинауды командалар жарысына айналдырамыз. Мысалы, қоқысты кім көп және жылдам жинайды деп сайысуға болады, – деді «Астана Жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.
Оның айтуынша, жаңа форматтағы сенбіліктерге елордалық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, оқушыларды, студенттер мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын тарту жоспарланып отыр. Сенбілік өткізілетін аумақ ағаш санына байланысты таңдалады. Егер олар аз болса, аудан әкімдігімен келісе отырып, аумаққа ағаш егіледі.
Іс-шараға қатысушылар үшін қажетті құралдар және арнайы техника ғана емес, тағамдар да әзірленді. Ал кәсіби диджей экобелсенділерге жақсы көңіл-күй сыйлады.