Нұр-Сұлтанда садақ атудан халықаралық жарыс мәресіне жетті

23 Қараша 2021, 13:28
978
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда садақ атудан халықаралық жарыс мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада садақ атудан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы және астанамызда осы спорт түрінің негізін қалаушы Светлана Ли атындағы бәсеке болды, деп хабарлады «Хабар 24». 

Оған 7 мемлекеттен 80-нен аса сұрмерген жиналды. Нәтижесінде классикалық садақ атуда ресейлік Баир Цыбикдоржиев топ жарды. Ал әйелдер арасында қазақстандық  Александра Воропаева қарсылас шақ келтірмеді. Жасөспірімдер арасында тағы бір қазақстандық Владислав Мағжанов пен өзбекстандық Мунисохан Юлдашева жеңімпаз атанды. Блоктық садақ атуда жерлестеріміз Сергей Тиан мен Адиль Жексенбинова үздік нәтиже тіркеді. 

Ал аралас сында Айман Амангелді мен Александр Смагин жұбы чемпион болды. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында садақ атудан халықаралық жарыс алғаш рет өтті. Алдағы уақытта оны  тұрақты ұйымдастырып, Азия және Әлем Кубоктарының кезеңіне айналдыру жоспарланып отыр. 

Жарысқа еліміздің және көрші мемлекеттердің үздік спортшылары келді. Араларында Олимпиада және Азия ойындарының қатысушылары, тіпті, жүлдегерлері де бар. Халықаралық дода аса тартысты өтті. Бұл спортшылардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға жақсы мүмкіндік болды, - деді садақ атудан қалалық құраманың аға жаттықтырушысы Ирина Ли.


Өзгелердің жаңалығы