Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада бензин құйылған 4 цистерна рельстен шығып кетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
28 маусым күні сағат 13:30-да «Өндіріс» теміржол станциясынан бензин құйылған 4 цистернаның рельстен шығып кеткені туралы хабар түскен. Оқиға орнына бірден қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына жеткен кезде төтенше жағдайлар саласының өкілдері бензин құйылған 4 цистернаның рельстен шығып кеткенін көрді. Алайда бензин төгілмеген, цистерналар да аударылмаған, – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы кезде электр желілері жинақталып, жедел штаб құрылды. Оқиғаның салдарымен жұмысқа жеке құрамнан 25 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан Төтенше жағдайлар департаментінің өртпен күрес бекеттері орнатылды.