Нұр-Сұлтанда «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру басталды

3 Наурыз 2021, 09:52
7754
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай және «Ashyq» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысы» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты.

COVID-19 жағдайларын тіркеу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ошақтарды оқшаулау үшін шектеу шараларын белгілей отырып, үй ошағы бойынша да, жұмыс және оқу орны бойынша да жақын қарым қатынаста болған адамдарды анықтау және зертханалық тексеру бойынша дереу шаралар қабылдайды. Сондай-ақ шектеу және карантин шаралары қабылданады, бірақ бұл шаралар тұрақты бола алмайды, өйткені олар өмірдің барлық салаларына әсер етеді, - деді ол. 

Бас санитар коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және шектеу шараларын енгізу кезеңінде кәсіпкерлік объектілерді қолдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру басталғанын айтты.

Жоба фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, байссейндер, компьютерлік клубтар (18 жасқа дейінгі адамдарды қоспағанда), боулинг клубтар сияқты кәсіпкерлік нысандарында жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық жобаға 39 кәсіпкерлік нысаны қатысуда. Осы жоба дені сау халық үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететініне ерекше назар аударғым келеді. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ретінде біз үшін бұл өте маңызды. Мониторингтік топтардың қызметкерлері бірнеше рет өзін-өзі оқшаулау және үй карантині режимін бұзу фактілеріне тап болды. Ауру немесе жақын адамдар санитарлық дәрігерлердің нұсқауларын бұзып, қоғамдық орындарға барады, осылайша вирустың таралу қаупін тудырады, - деді ол.

Сархат Бейсенованың айтуынша, бұл жоба «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілерге кірген кезде келушінің COVID мәртебесін білуге мүмкіндік береді және тек үйде өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын адамдарды анықтауға бағытталған. 

Объектілерге кіру App Store және Play Market арқылы жүктеуге болатын «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Объектінің QR-кодын сканерлеп, содан кейін ЖСН енгізу керек. QR-кодтарды пайдалану және коронавирусқа арналған тесттердің жалпы базасымен интеграциялау есебінен бүгінде пилоттық жоба объектісіне келетін келушінің мәртебесін айқындайды, - деді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы