Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі вокзалдар мен бекеттерде мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждығы ескерілмеген. Бұл туралы "Nur Otan" партиялық бақылау комитетінің отырысында айтылды.
Комитет отырысында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның дамуы туралы сөз болды. Отырыста белгілі болғаны: "Нұрлы жол" вокзалы – мүмкіндігі шектеулі жандардың талаптарына сай толық бейімделген елдегі жалғыз теміржол.
Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы өткен айда республика бойынша 92 көлік нысанын, оның ішінде 25 теміржол вокзалы мен 31 автовокзал, сондай-ақ 24 теміржол және 12 автобус стансасын тексерген.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың мәліметінше темір жол вокзалдарының 38%-ы ғана талапқа сәйкес.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, көліктік қызмет көрсету нысандарын бейімдеу және паспорттау жұмыстары барлық өңірлерде аяқталған. Яғни, нысандар ресми түрде қабылданып, барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді болып саналады, - деді Жанат Омарбекова.
Спикер қоғамдық көлікке ерекше назар аударды. Елімізде автобус маршруттарында барлығы 11 563 автобус қатынайды. Алайда олардың төрттен бір бөлігі ғана ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін 2664 бірлік немесе 23% ғана бейімделген. Бұл ретте, «Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес, қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Егер тіпті, заң нормалары сақталмайтын болса, онда бұл жерде қандай қолжетімділік туралы айтуға болады, - деді мүгедектер конфедерациясының басшысы.
Айтылған сынға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов министрліктің қоғамдық нысандарға (мектептер, ауруханалар, әуежайлар және т.б.) қатаң бақылау жүргізетінін мәлімдеді.
Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 1300 тексеріс жүргізілді. 212 нысан бойынша 46 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әр түрлі мекемелердің қолжетімділігінің интерактивті картасы көрсетілген inva.gov.kz портал жұмыс істейді. Оған бүгінде 31 мыңнан астам нысанның деректері енгізілген. Жергілікті атқарушы билікке мемлекеттік органдардың нысандарын бейімдеу, қайта жаңарту үшін толық көлемде қаражат бөлінбейтінін атап өту керек, - деді вице-министр.
Мәжіліс депутаты, партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев қаржыландырудың жетіспеушілігін себеп емес деді.
Саяси ерік бар, жоспар орталық деңгейде бекітілді. Ақша бар, қаржыландырылып жатыр. Тек құмға сіңген судай болып кетіп жатыр. Ал пандус - бұл ғарыш айлағы ма?! Бұл ғимараттың тұрғанына 500 жыл болса да, пандус жасап, навигациялық тақталарды, көрсеткіштерді бекіту қиын емес, - деді комитет төрағасы.
Жиында айтылған мәліметке сүйенсек, елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, ал халықтың 30%- ға жуығы қауқары аз топқа жатады.
Айта кету керек, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған "Кедергісіз келешек" жобасы аясында елімізде 20 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысандар бейімделіп, заңнамаға 78 түзетулер қабылданып, ҚНжЕ және т.б. қайта қаралған.
Ал "Nur Otan" партиясының 13 мыңға жуық мүшесі – мүмкіндігі шектеулі жандар.