Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 1-3 қазан аралығында өтетін партияішілік сайлауда дауыс беру үшін арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелді.
Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Бүгінге дейін жүйеге 560 мыңнан астам партия мүшесі тіркеліп үлгерді.
Байбектің айтуынша, ол әріптестерімен бірге партияішілік праймериз қатысушыларының үгіт-насихат кездесуіне барған. Елорданың Есіл ауданы бойынша 15 кандидат Nur Otan партиясының Орталық аппараты жанындағы бастауыш ұйымда өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Ол іс-шараның жарыс сипатында болғанымен, өзара сыйластық аясында өткенін атап өтті.
Қатысушылардың әрбірін қолдауға тырыстым, кеңесімді беріп, мәселені нақтылай түсетін сұрақтар қойдым. Үміткерлердің өздерін ұстауын, жұрт алдында сөз сөйлеуін тамашалау өте қызықты болды. Олардың барлығында дерлік қызықты да креативті бейнероликтері, өзіндік «артықшылықтары» бар. Тіпті кейіберулерінің үгіт бағдарламаларымен QR-код арқылы танысуға болады. Қатысушылар арасында қазір қызмет атқарып жүрген депутаттар да, саяси қадамын жаңа бастап жатқан жастар да бар. Сондай-ақ партия құрылған сәттен бастап мүше болып келе жатқандар да, таяуда ғана қатарымызға қосылғандар да кездесті, - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударып, кейіннен елге қайта оралған азаматтың балалар мен жасөспірімдер арасында есірткінің таралуына қарсы күресі бойынша келтірген деректері мен ұсынған іс-шаралары жұртшылықтың назарын аударғанын айтты.
Өз бағдарламасында елорданы заманауи урбанистика қағидаттарына сәйкес дамыту мәселелерін өзек еткен ең жас кандидатқа Бауыржан Байбек «Болашақ» қауымдастығы қазақ тіліне аударған «Бақытты қала» деген жайлы қалалық орта құру туралы кітапты сыйлайтын болды.
Оның айтуынша, жалпы қатысушылар қызықты да жүйелі шешімдерді талап ететін күрделі мәселелерді көтере білді. Олардың қатарында білім және денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау, бұқаралық балалар спортын дамыту және басқалары бар. Партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, праймеризде айтылған барлық ұсыныс пен ескерту әрбір өңір, қала және аудан бойынша әзірленген 216 сайлауалды бағдарламаны пысықтау кезінде ескерілетін болады.
Әрине, кандидаттар әр қилы. Әрқайсысының дайындық деңгейлері мен жеке бэкграундтары да әртүрлі. Олардың қайсысы жеңіс тұғырынан көрінетінін сайлаушы шешеді. Мұнда бір жайтты анық айта аламын: осынау праймеризден бірінші болып өткендер теңдессіз саяси тәжірибе жинақтап, әртүрлі аудиторияларда сөз сөйлеу дағдысын меңгереді, өздерінің мықты және осал тұстарын аңғарып, тыңдаушыларды өз сөзіне иландырып, өз позициясын дәлелдеу қабілетін ұштайтын болады. Осы орайда кездесуге қатысушылардың бірі айтқан мына бір сөз ерекше есімде қалды. Ол «мен праймеризге депутаттық төсбелгі үшін емес, жұрттың нақты мәселелерін шешуде партияластарымды қолдау үшін қатысып отырмын» деді. Елбасы айтқандай, әділ де тартысты бәсекеде ең лайықтылар жеңіске жететіне сенімдімін, - деді ол.