Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтетін Nur Otan партиясының ХІХ съезіне Шығыс Қазақстаннан қатысатын 49 делегат сайланды. Бұл жөнінде бүгін Өскемен қаласында өткен Nur Otan партиясының ШҚОФ ХХІІІ партиялық конференциясы барысында белгілі болды.
«Бүгінгі партия конференциясында осыған дейін сайланған 225 делегаттың 208-і қатысып отыр. Қалған делегаттар белгілі себептерге байланысты қатыса алмады. Конференция жұмысына Nur Otan партиясының облыстық филиалы Партиялық кеңесінің шақырылған мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің, партиялық қадағалау комиссиясының төрағалары, қоғамдық және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда», - деді конференция барысында сөз алған Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов.
Партия конференциясы барысында Елордада өтетін партия съезіне делегаттар сайлаумен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының кезекті ХVIII съезінде берген тапсырмасының орындалу барысы жайында баяндама жасалып, «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл - ел бесігі», «Qutty meken» ұлттық жобалары бойынша өңірімізде атқарылып жатқан шаруалар барысы таныстырылды.
Жалпы, бүгінгі таңда аталмыш жобалар бойынша Шығыс Қазақстанда тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге, ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға және халықты сапалы ауызсумен, газбен және қажетті инфрақұрылыммен қамту бойынша бірқатар жұмыс қолға алынған.