Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan-ның үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан 18 мыңнан астам белсенді мен партия жақтасы Елбасыдан алғыс алады.
Марапатталатындардың 70%-дан астамы – аудан мен шағын қалалардың тұрғыны болса, 36%-ы – әйелдер, 27%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл туралы бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында айтты.
Құрметті достар! Өздеріңізге белгілі, өткен электоральды науқанда біздің партия бір айға жетпейтін уақытта 7 миллионнан астам сайлаушыны қамти отырып, 28 мыңдай үгіт-насихат іс-шарасы мен кездесулер өткізді.
Әрбір қала мен ауданда 7 мыңнан астам нұротандық аға буын өкілдерімен, жастармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, жұмысшылармен, аграршылармен, кәсіпкерлермен, зиялы қауыммен және басқа да азаматтармен кездесті. Басқосулар барысында мәселелер ашық талқыланып, партияның сайлауда көздеген мақсаты тілге тиек етілді.
Nur Otan-ның жеңіске жетуіне жас белсенділеріміз үлкен үлес қосты. «Есіктен есікке» акциясы аясында жасотандықтар 1,4 млн үй мен пәтерді аралап, 6,2 млн үгіт материалын таратты.
Өңірдерде қоғамдық қабылдау бөлмелері қарқынды жұмыс істеп, оларға 95 мың өтініш түсті. Біздің кандидаттарымыз бен сенім білдірілген тұлғаларымыз 48 мыңнан астам адамды қабылдады.
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев өткен сайлау барысында Nur Otan-ның үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқаны үшін 18 мыңнан астам қатардағы белсенді мен партия жақтасына алғыс хаттар жолдады. Олардың 70%-дан астамы – аудандар мен шағын қалалардың тұрғындары. Марапатталатындардың 36%-ы – әйелдер, 27%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар.
Елбасы атап өткендей, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында қол жеткізген бұл айқын жеңіс халықтың елдің тұрақты даму бағдарын жақтайтынын көрсетіп отыр.
Сондықтан біздің партия бір ай ішінде жұртшылыққа барлық ауданда, қалада және облыста сайлауалды уәделерді іске асыру бойынша жол карталарын ұсынады. Онда нақты нысаналы индикаторлар, жылдар бойынша іске асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты орындаушылары көрсетіледі.
Nur Otan – мақсаты айқын, нақты істер партиясы! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз! - деді Бауыржан Байбек.