Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясы 1 қыркүйектен бастап алғаш рет ел көлемінде депутаттық корпусты кешенді бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізіп отыр. Бұл туралы Nur Otan Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, Nur Otan «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламаларын орындау бойынша 217 жол картасын іске асыруға жүйелі бақылауды жолға қойған. Осылайша, 5 ай ішінде 362 республикалық іс-шараның 7%-і орындалып, ал өңірлік 2,3 мың іс-шараның 5%-ы жүзеге асқан екен.
Елбасы айтқандай, әрине, партия депутаттары бірінші кезекте жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу және ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әрбір өңірде, қала мен ауданда сайлауалды міндеттемелердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Байбектің айтуынша, бұл жұмысқа Nur Otan-ның әр түрлі деңгейдегі 2,7 мыңнан астам депутаты жеке жауап береді екен. Бүгінде «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам!» атты партиялық «қайта жандандыру» бағдарламасына сәйкес депутаттық корпус 65%-ға жаңартылып, әйелдер мен жастардың үлес саны барлық өңірде тиісінше 30% және 20%-ға жетіп отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес партия жанынан депутаттардың, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, белгілі қоғам қайраткерлерінің, сарапшылар мен журналистердің қатысуымен 1,7 мың салалық қоғамдық кеңес құрылған. Бұл билік пен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогты қамтамасыз етуге жол ашады.
Сонымен қатар, партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру және халықпен «кері байланысты» күшейту үшін бүкіл ел көлемінде партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі жүйелі түрде жандандырылған. Жыл басынан бері партияға 74,1 мың өтініш келіп түссе, оның 43%-ы оң шешімін тауыпты, ал 53%-ы бойынша мәселені заң аясында шешуге қатысты кәсіби кеңес берілген.
Елбасы атап өткендей, бүгінде қоғам, әсіресе, жергілікті жерлерде депутаттардың ашықтық, тиімділік және жауапкершілік деңгейіне ерекше талаптар қойылып отыр. Осыны ескере отырып, Nur Otan алғаш рет ел көлемінде депутаттық корпусты кешенді бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізіп отыр. Партияның Саяси кеңесі Бюросының биылғы 2 маусымдағы қаулысымен Депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру ережесі бекітілді, - дейді Бауыржан Байбек өз сөзінде.
Бұл ережені әзірлеу аясында халықаралық тәжірибе мен депутаттарды бағалаудың қолданыстағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Сарапшылар мен өңірлердегі партиялықтардың пікірлері, сондай-ақ, республикалық партияішілік іріктеу – праймериздің табысты тәжірибелері ескеріліпті.
Ереже қоғамдық-саяси қызмет, медиа белсенділік, сондай-ақ, партиялық жауапкершілік сынды үш блокқа біріктірілген 15 критерийді қамтиды екен.
Заманауи рейтингтік технологияларды енгізу депутаттардың жол карталарын іске асыруға жеке жауапкершілігін арттырып, нұротандықтарды халықпен жүйелі және нәтижелі жұмыс істеуге бағыттайтынына сенімдімін, - дейді Байбек.
Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін жергілікті жерлердегі депутаттардың қызметі, бастамалары мен сауалдары туралы ақпаратқа ашық қолжетімді, сондай-ақ, Nur Otan-нан сайланған халық қалаулыларына өзекті мәселелер бойынша тікелей жүгіну мүмкіндігі қамтылған арнайы интернет-платформа іске қосылады.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту және әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу жағдайында қабылданып жатқан іс-шаралар Елбасының 5 институционалдық реформасы шеңберінде ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бойынша тағы бір жүйелі қадам болады деп есептейміз, - дейді Бауыржан Байбек.