«Nur Otan» халықты жұмыспен қамту жол картасын ұзартуды ұсынды

21 Қыркүйек 2020, 10:34
1383
Бөлісу:
«Nur Otan» халықты жұмыспен қамту жол картасын ұзартуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы Халықты жұмыспен қамту мәселесіне алаңдаулы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтуды қолдау үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы іске асырылуда. 

Оның негізгі мақсаттары – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау. Партиялық куратор, Nur Otan партиясы фракциясының депутаты Артур Платоновтың пікірінше, 2021 жылға қаржыландырудың қысқару қаупі бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет халқына Жолдауында «қазіргі күрделі жағдайда біздің басты міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын сақтау» деп атап өтті. Оның ерекше басымдық бере айтқан ойының түйіні - қолдау, көмек, қамқорлық болды. Олар ара-тұра емес, тұрақты болуы керек. Қалай болғанда да, әлемдегі жағдай қалыпқа келгенге дейін жалғасуы тиіс. Яғни, Елбасы мен Президент саясатының бағыттарын дамыта отырып, әлеуметтік бастамаларды тоқтатпай, өрістету керек! Қазақстанның көптеген дамыған елдерден айырмашылығы, әлеуметтік төлемдерді қысқартып, салықты көбейтпей, керісінше, азаматтарға осы қиын уақытта көмек көрсету үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті партиялық куратор. 

Оның айтуынша, осыған орай Nur Otan партиясы жүздеген мың қазақстандық пайдалана алатын зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алу кезінде табыс салығын алып тастау туралы бастама көтерді.

Өз кезегінде Жұмыспен қамтудың жол картасы – пандемия кезінде өзінің тиімділігін дәлелдеген халықты қолдаудың маңызды шараларының бірі. Соның арқасында қазірдің өзінде 177 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Олардың ай сайынғы табысы орташа есеппен 90 мың теңгені құрайды. Жобамен қамтылғандардың 40%-ы – жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүгінген жастар. Бағдарлама жастарға табыс табудан басқа, қазіргі жағдайда тіпті қажеттілігі артатын жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. 

Ақмола облысының Бурабай ауданында 3-топтағы мүгедек Денис Прядко тұрады. Ол колледждегі оқуын аспазшы мамандығы бойынша аяқтап, жол картасы бойынша жұмысқа орналасты. Бұл мысал бағдарламаның қарапайым адамдарға өмірде өз орнын табуға, қабілеттерін жүзеге асыруға көмектесетінін айқын көрсетеді. Мұндай мысалдар көп, - деді Артур Платонов.

Жұмысқа орналастыру проблемаларын шешумен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мультипликативтік әсер берді.

Бір ғана Екібастұз қаласында 11 көпқабатты үй салынады. Бұл дегеніміз жақын арада 1,3 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Медициналық қызметкерлер үшін 5 мың тұрақты жұмыс орнын құратын 2,7 мың төсек-орындық 13 модульді аурухана құрылысы жүргізілуде. Саябақтар мен скверлер салу, көшелерді көгалдандыру, балалар мен спорт алаңдарын орнату есебінен 900-ге жуық елді мекен абаттандырылады, - деді ол. 

Артур Платонов атап өткендей, іске асырылып жатқан бастамалар жұмыс орындарын құрып қана қоймай, азаматтардың өмірін сапалы түрде жақсарта отырып, оң әсерін тигізді. Десе де, бүгінде пандемияның екінші толқынының орын алу ықтималдығына байланысты экономикалық ахуалдың құлдырау қаупі сақталуда. Бұл жұмыссыздықтың артуына және азаматтардың едәуір бөлігінің әл-ауқатының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Nur Otan партиясының кураторы 2021 жылы Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруды жалғастыруды және оны іске асыруға қаржы бөлуді ұсынады. Сонымен қатар, мейлінше қомақты нәтижеге қол жеткізу үшін Артур Платонов ең көп жұмыс орындарын құратын және барынша жұмыспен қамтамасыз ететін жобаларды таңдау қажет деп санайды. 

Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін мамандандырылған ақпараттық жүйені жасау дұрыс болар еді. Сондай-ақ, Nur Otan партиясының белсенділерін жергілікті халықтың сұраныстарына назар аудара отырып, жобаларды іріктеу мен қалыптастыруға тартқан жөн, - деп түйіндеді партиялық куратор.

Өзгелердің жаңалығы