Атақты теннисші, «Үлкен дулыға» турнирінің 21 дүркін чемпионы Новак Джокович Астанаға ұшып келді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сербиялық теннисші бүгін басталған Astana Open ATP 500 жарысына қатысады.
Н.Джокович елордаға жақсы көңіл-күймен жетті. Айта кетсек, ол жексенбі күні мәреге жеткен Тель-Авив ATP 250 додасының финалында хорватиялық Марин Чиличті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанған еді.
Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингіде жетінші орында тұрған Н.Джокович Астана жарысының төртінші ракеткасы болып тіркелген. Новак ертең бастапқы кездесуін рейтингіде 81-сатыдағы чилилік Кристиан Гаринмен өткізеді.
Бүгін Астана додасына арнайы шақырту алған, рейтингіде 327-орындағы қазақстандық Бейбіт Жукаев алғашқы айналымда әлемнің 34-ракеткасы, Нидерланд өкілі Ботик Ван де Зандшульпқа есе жіберді - 1:6, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open турнирінің іріктеу сайыстары аяқталғанын, Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде бір сатыға төмендегенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Тимофей Скатов әлемдік рейтингіде ТОП-200-ге жуықтады.