Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов нөсер жауыннан зардап шеккен Қазығұрт ауданы Шанақ ауылдың округінен тікелей эфирге шығып, ауылдағы жағдай туралы айтып берді.
Қазір Қазығұрт ауданы Шанақ селолық округіндеміз. Бұл ауылдағы ең көп зардап шеккен үй. Қорасы, асханасы құлаған. Арыстың еріктілері алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Олар қазір осы жерде жұмыс істеп, 20-ға жуық ерікті тұрғындарға көмектесіп жатыр, - деді ол.
Қалқамановтың айтуынша, нөсер жауын салдарынан Қазығұрт ауданында 41 үй, 43 асхана, қора және 370 бас мал зардап шеккен. Оның ішінде ұсақ-түйек мал, ірі қара, жылқы құлындарымен бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша барлық мал шығынына өтемақы төленеді. Сондай-ақ жауын салдарынан қираған үйлер мен қораларды қайта қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді, - деп түсіндірді Сәкен Қалқаманов.
Сонымен қатар Қазығұрт ауданы әкімі Арман Абдуллаев өңірдегі жағдайды баяндап берді.
Қазір Шанақ елді мекенінде тұрмыз. Мұнда 21 үйге су кірген. Үйлер аман, дегенмен үйдің айналасындағы қосымша құрылыстары, асханалары мен қоралары қирап жатыр. Қазіргі күні тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ арнайы құрылған комиссия материалдық шығындардың есебін жүргізіп жатыр, - деп айтты Абдуллаев.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, арнайы құрылған комиссия Қазақ құрылыс және архитектура ғылыми-зерттеу институтының сараптамасымен жұмыс істейді. Себебі топан судан зардап шеккен үйлерге нақты қандай көмек керек екенін бағалау маңызды.
Қазір Қазығұрт ауданында ахуал бірқалыпты. Сарыағаш ауданында да осындай сел бір рет өткен. Десе де жағдай әкімдіктің, биліктің бақылауында тұр. Қазір тағы бірнеше ауылды аралаймыз. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында адам шығыны болған жоқ. Ең бастысы – осы. Қазығұрт ауданы – таулы жер. Мұндай жауын соңғы рет 2013 жылы болған. Оның алдында 1984 жылы болған. 30 минуттың ішінде көлемі 10 күннен асатын нөсер жауған, - деді облыс әкімінің орынбасары парақшасындағы тікелей эфирде.