Норвегияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің саны өсіп келеді. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елдегі ең ірі әйелдер денсаулығы ұйымдарының өкілдері зорлық-зомбылық пен жыныстық сипаттағы қылмыстар туралы шағымданатын әйелдер санының көбейгенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта әйелдер зорлық-зомбылықтан кейін көмек пен кеңес алу үшін арнайы орталықтарға жиі жүгінуде.
Норвегияның зорлық-зомбылық пен травматикалық стресс мәселелерін зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, елдегі әрбір оныншы әйел жақын серіктесі тарапынан күш көрсетуге тап болған.
Басылым бұл тақырыпқа қоғам назарын аударуға Норвегия корольдік отбасына қатысты жанжал да әсер еткенін жазады. 2026 жылдың ақпанында норвегиялық тақ мұрагер ханшайымның ұлы Мариус Борг Хойбиге 32 айып тағылмақ. Олардың қатарында төрт зорлау дерегі, бұрынғы серіктесіне қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және бірнеше әйелді олардың келісімінсіз заңсыз бейнежазбаға түсіру фактілері бар.
Егер Хойби ең ауыр айыптар бойынша кінәлі деп танылса, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ елде медицина саласындағы зорлық-зомбылық фактілері де қоғамды алаңдатып отыр. Өткен жылы норвегиялық гинеколог 94 науқасты зорлағаны үшін кінәлі деп танылып, 21 жылға сотталған. Тергеу мәліметінше, ол 2004-2022 жылдар аралығында ондаған зорлау және жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.