Ноғаев: Еңбек дауы заң шеңберінде шешілуі тиіс

8 Қыркүйек 2021, 20:00
3811
Бөлісу:
Ноғаев: Еңбек дауы заң шеңберінде шешілуі тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аппараттық жиында мәлімдеді.

Облыс әкімдігіне қарасты құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің басшылары жиналған кеңесте Нұрлан Ноғаев жиналғандардың назарын Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау қажеттігіне аударды.

Атап айтқанда, облыс әкімі қыс мезгіліне жем-шөп қорын дайындау, жылу беру маусымына дайындықты, сондай-ақ халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды іске асыруға бақылауды күшейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ басқосуда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай талқыланды. Нұрлан Ноғаев осы бағыттардың барлығын Маңғыстау облысының кешенді даму жоспарына енгізуді тапсырды.

Халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі  - Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көрсетілген шараларды жүзеге асыру, - деп атап өтті облыс әкімі. 

Мемлекеттік қызметшілер өңір тұрғындары үшін барынша ашық болуға тиіс. Жақын арада әкімдік пен тұрғындар арасында өзара байланысын күшейтуге арналған бірқатар шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев еңбек даулары мәселесін қозғады.

Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы барлық еңбек даулары заң аясында конструктивті диалог арқылы шешілуі тиіс, - деді әкім. 

Аппараттық жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Өзгелердің жаңалығы